Қылмысы дәлелденсе, экс-банкир 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Алдын ала сот тыңдалымында оған тағылған айыптар оқылды. 47 жастағы Ертаевқа алаяқтық бабы бойынша айып тағылған. Қылмысы дәлелденсе ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде үш прокурор келсе, қашқын банкирді жалғыз адвокат қорғамақ. Алматыдағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта шулы істі судья Роман Селицкий жүргізіп жатыр.
Жомарт Ертаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды.
Ұзақ уақыт ресейде тығылып жүрген ол босқын мәртебесінен айырылып, 2018 жылдың 15 қарашасында Мәскеуде ұсталды. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының қызметкерлері Жомарт Ертаевты Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Бас прокуратураның мәліметінше, «Жомарт Ертаев 2011 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі аралықта «Bank RBK» АҚ-да қызметтік бабын асыра пайдаланып, 144 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді».
Қазақстанның бизнес-қауымдастығы үшін резонанс тудырған Жомарт Ертаев 2009 жылдың тамыз айында тұтқындалған. Ол кезде оған Альянс банктің бұрынғы төрт басшысымен бірге 1,1 миллиард долларды жымқырды деген айып тағылған еді. 9 айын тергеу изоляторында өткізген қаржыгер қомақты айыппұл төлеп құтылған.
Оқи отырыңыз: Белгілі банкир Жомарт Ертаевтың ісі сотқа түсті
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы