800 елтаңба мен ту, 15 мұз қалашық. Желтоқсанда Нұр-Сұлтан көшелері қалай өзгереді?
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында аудан әкімдерінің күшімен бас-аяғы 15 мұз қалашық салынады. Әкімдіктің хабарлауынша, «оларды орнату жұмысы желтоқсан айының басында» басталған.
«Тәуелсіздік күнімен!». Лебізді құттықтаулар қаланың үлкен экрандарынан көрінеді
Мәдениет және спорт басқармасы Азаттық рухы порталының ресми сауалына жауап бере отырып, қала 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай қалай өзгеретінін хабарлаған.
«Еліміздің Ұлттық мерекесі, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай елордада жүзге жуық жарнамалық құрылғыларда тәуелсіздік туралы нобай, жарықтандыру тіректерінде қазақстан Республикасының туы мен елтаңбасы бейнеленген 800-ден астам консоль тулар, 5 панно ақпараттық ту орнатылады», - деп хабарлады дереккөз. Бұдан өзге, қаладағы ЛЭД-экрандарда тәуелсіздік тақырыбында роликтер айналып тұрады.
ЛЭД-экрандары қаланың біраз нүктесіне көрінетін «Қазақстан Темір жолы» компаниясының қасбетінде, ұзындығы 1,5 шақырым Министрліктер үйінің қасбетінде мерекеге орай, бейнеқұттықтау пайда болады. Дәл осындай бейнеқұттықтау халықаралық әуежайға бара жатқан алып экрандарда да «ойнатылмақ».
«Конькидегі бизнес». Сырғанақ алаңдары қайда салынады?
Алматыдағыдай, Медеу мен Шымбұлақ сияқты қалаға тиіп тұрған демалыс аймақтары жоқ, елорда тұрғындары жасанды мұзды місе тұтып келе жатқанына біраз жыл. Аудан әкімдері жеке кәсіпкерлермен бірлесіп салатын мұз айдындарында коньки де сағатымен жалға беріледі. Тюбинг пен шана, шаңғы да.
«Дәстүр бойынша, қыста қала тұрғындары мен қонақтары үшін ойын-сауық нүктелері ашылады, осы уақытқа дейін қолданған конструкциялар, кішігірім сәулеттік нысандар, карусельдер, қысқы аттракциондар орнатылады деп жоспарланып отыр. Тюбинг, шана, мұз сырғанақтарын, конькилерді жалға беру орталықтары ұйымдастырылады», - деп жауап берген әкімдік ресми сауалға.
Жалпы, коньки мен тюбингтердің жыл сайынғы «ставкасы» сағатына 500-1000 теңге болатын. Биылғы баға әлі белгісіз. Жалпы, әкімдік Азаттық рухының ттәуелсіздік күніне көшелерді безендіру мен мұз қалашықтарды салуға бөлінген ақшасы туралы сұрағына жауап берген жоқ. Сондықтан, сіз үшін де, біз үшін де қалалық бюджеттен қысқы сұлулық үшін бөлінген қаржы көлемі құпия қалып отыр.
Балаларға базарлық
Ал, әлем және қазақ ертегілерінің кейіпкерлері, жан-жануарлар, мұз лабиринт, жалпы, мұздан салынатын кішігірім қалашық балалар үшін таптырмас базарлық. Биыл әкімдік қаланың төрт ауданында, тіпті, қала маңындағы бірнеше кенттер де сол аудан әкімдерімен бірлесіп, бас-аяғы он бес мұз қалашық салады.
Мұз қалашықтар Алматы ауданына қарасты:
«Қазақ елі» монументінің алдында, «Жерұйық», «Жастар» саябақтарында, Ақбұлақ өзенінің жағалауында;
Байқоңыр ауданы бойынша:
«Жастар сарайы», Ататүрік атындағы саябақ, «Қаламгерлер» аллеясы мен қала маңындағы «Өндіріс», «Кирпичный» тұрғын үй алаптарында;
Сарыарқа ауданы бойынша:
«Тамыз» тұрғын үй кешенінің жанында, «Көктал-1» тұрғын үй алабы, Қосшығұлұлы көшесінде, «Сарыарқа» даңғылында, Есіл өзенінің демалыс аймағында:
Есіл ауданындағы:
«Пригородный» тұрғын үй алабы, «Шығыс Ильинка» тұрғын үй алабы, Экспо көрмесінің жаны, Ботаникалық бақта мұз қалашықтар салынбақ.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан