ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

КВИ-мен ауруханада жатқан ардагерді дәрігерлер мерекемен құттықтады

Ардагер коронавирус жұқтырып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен

Нұр-Сұлтан қалалық инфекциялық орталығының медициналық қызметкерлері Ұлы Жеңіс күнін ауруханада қарсы алуға мәжбүр болған соғыс ардагері Иван Михайловичті құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соғысқа қатысқан Иван Михайлович инфекциялық орталыққа 27 сәуір күні коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауыр жағдайда түсті. 5 мамырда денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты жансақтау бөліміне ауыстырылды.

«Дәл бүгін отбасының жанында болмаса да, медициналық қызметкерлер оны назарсыз және құттықтаусыз қалдыра алмады. Олар ардагерді шын жүректен Жеңіс күнімен құттықтап, ата-бабаларымыз берген бейбітшілік пен бостандық үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде науқас аурухана қызметкерлерінің осындай ықыласынан қуаныштан көз жасын тыя алмады», - делінген қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хабарламасында.

Иван Михайлович 1925 жылы 20 қыркүйекте Кемерово облысында дүниеге келген.

1943 жылы 13 қаңтарда ол Совет Армиясы қатарына шақырылды. Соғыс бойы ол 1-ші Беларусь майданындағы шайқастарға қатысты.

Соғыс аяқталғаннан кейін, 1945 жылдан 1971 жылға дейін ол армия қатарында қатардағы жауынгерден бастап ракеталық күштер штабының бастығына дейін қызмет етті. Полковник шенімен зейнетке шыққан.

Марапаттары: II дәрежелі Отан соғысы ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалі. Тағы басқа 18 мерейтойлық медальдар.

Қазіргі уақытта науқас инвазивті емес желдету аппаратына жатыр. Иван Михайлович стационарда толық емделіп, сауыққанша ем қабылдайды.