$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.05.2021, 12:02
Жаңалықтар

21 мың солдаттың жерленген жерін тауып, тізімін түзіп қойдым – Маңғыстау тұрғыны

Жәнібек Науаров ҰОС із-түзсіз жоғалғандар туралы кітап шығармақшы 

21 мың солдаттың жерленген жерін тауып, тізімін түзіп қойдым – Маңғыстау тұрғыны

Жәнібек Науаров өзінің соғыста көз жұмған қос атасын іздеймін деп жүріп, 21 мың қазақстандық жауынгердің қайда жерленгенін анықтап, мыңдаған отбасының әкелерінің, аталарының басына баруына себепші болған. Ұлы Отан соғысы кезінде із-түзсіз жоғалған 600 мыңнан астам қазақстандық солдат бар. Олардың ұрпақтары әлі күнге дейін аталарының денесі қайда жерленгенін білмейді дейді ол. 

АТАСЫНЫҢ МАЗАРЫН 7 ЖЫЛ ІЗДЕГЕН 

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл ауылының тұрғыны Жәнібек Науаров өзінің атасы – Науар Керуенбайұлының жерленген жерін 7 жыл іздеген. Айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысқан Орта азиялықтардың аты-жөндері дұрыс жазылмай кеткендіктен, олар туралы мәліметтерді жинау қиындық тудырған. 

«1905 жылы дүниеге келген атам Науар соғыстың алғашқы күнінде фронтқа аттанған. Біраз уақыт өткеннен кейін қазанама келді, бірақ ол қағаз жоғалып кеткен. Сол себепті біз атамыздың қайда жерленгенін білмедік. Науар атамыздың үлкен бауыры – Ыбырай атамыз да соғыста көз жұмған. Мен ол кісілер туралы ақпаратты білу үшін архивтерді ақтарып бастадым. Бүгінде осы шаруамен айналысқаныма 12 жыл болды. Соғыста қаза болғандарды іздеген кезде қиындық тудырғаны – қазақша есімдердің бұрмаланып жазылуы. Мысалы, Керуенбайұлы Науар дегенді – Курунбаев Наар деп жазып қойған. Керуенбайұлы Ыбырайды – Коруенбаев Исрай деп жазған. Ал, бұл есімдердің аталарыма тән екенін оларға қатысты құжаттардағы әйелі мен балаларының есімінен білдім. Мәселен, әжемнің аты Талайлы, ал оны Галайты деп жазған. Бұл жұмыстарды өзге ұлт өкілі істей алмайды, себебі, қате жазылған қазақ аттарын біз ғана түсініп, дұрыс қалыпқа сала аламыз»,- дейді Жәнібек. 

Бірнеше жылға созылған іздестіру жұмыстары 2016 жылы ғана сәтті аяқталған. Ол Ресейге барып, бір кездері соғыс ошағына айналған онға жуық қаланы аралайды. Мемориал тақталары мен бауырлас мазарлардың басынан атасының тегін іздейді. Волгоград, Курск, Рязань, Мәскеу, Тула, Воронеж... Ақыр соңында, Орлов облысында қаһармандықпен көз жұмған Науар Керуенбайұлы аталған облыстың Веровье ауданы Прудки деревнясы маңайындағы бейіттердің бірінен табылады. Атасының қайда жерленгенін естіген соң Жәнібек Орловты азат ету үшін қаза тапқан Атырау облысынан шыққан бірнеше солдаттың ұрпағымен бірге Ресейге аттанады. 

 

КӨПТЕН КҮТКЕН КЕЗДЕСУ…

«2016 жылы атамның жерленген жеріне 5 шақырым жетпей қайтып кетіппін. Бірақ үйге келгеннен кейін атамның жерленген жерін табатыныма сенімді болдым және тұп-тура 7 күннен кейін таптым. Келгеннен компьютердің жанынан бір елі шықпадым, сол жерде шәй-тамағымды ішіп ұйықтап жүрдім. Сондай бір көзім ілініп кеткен кездің бірінде, соғыста қайтқан атам келіп: «Шаршадың-ау» деп маңдайымнан сипады. 2017 жылы мен атамның басына бардым»,- деді Жәнібек Науаров. 

Қазақстандық қонақтарды Жоғарғы Залегошь ауылының тұрғындары өте жылы қарсы алып, жергілікті қонақүйлердің біріне орналастырған. Кездесуге бір күн қалғанда жауынгерлердің ұрпақтары көз іле алмадық дейді. 

«Мен атамды тапқанымды, оның денесі сол жерде жерленгенін түсіндім. Таңға дейін көзім ілінсе ше… Таң шапағы жерге түскенде көшеге шығып, ауыл ішінде ары-бері жүрдім, атамның осында қалай соғысқанын көз алдыма елестеттім. Атамның басына барғанда көңілім босамайды, ер-азаматпын ғой деп өзімді дайындап бардым. Бірақ атам жерленген бейіттің басына барғанда көз жасыма ерік бердім. Жанымдағылар да маған қосылып, бір жылап алды. Мұндай толқу мен секілді атасының жерленген орнын тапқандардың әрқайсының басында болады деп ойлаймын», - деді ол. 

Жәнібек сол сапарында атасының бауыры Ыбырай Керуенұлының да мазарын табады. Ол Украинадағы қиян-кескі ұрыс болған Донецкіде жерленген екен. 

«Ыбырай атамның қызына әкесінің жерленген жерін тапқанымды хабарлағанымда, апам жылап жіберді. Ол қазір 80 жасқа таяп қалғандықтан, әкесінің басына өз аяғымен бара алмады. Бірақ сондай бір қуаныштың көз жасы болды. Себебі, соғыстан кейін із-түзсіз кеткендерді көпшілігі тұтқынға берілген шығар деп те айтатын. Сол жылдары бұл сөздерді есту жоғалған солдаттардың ұрпағы үшін ауыр еді. Бірақ мен Ыбырай атамның қаһарман екенін дәлелдедім», - дейді Жәнібек. 

Осыдан кейін Жәнібек жыл сайын 9 мамырға орай Орловқа барып, атасының басына құран бағыштауды дәстүрге айналдырған. Өзінің қос атасының мазарын іздеген ол 12 жылда Гурьев облысынан кеткен жауынгерлерді түгендеп шыққан. 

ГУРЬЕВТЕН КЕТКЕН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ТІЗІМІН ТҮЗГЕН 

«Аталарым Гурьев облысы Жылыой ауданына кеткен. Іздеу барысында мен барлық Жылыойдан кеткендер мен Гурьев облысын толықтай іздедім. Әр жауынгер туралы деректі жеке-жеке іздедім, онда ол қай соғыс аумағына кетті, қай аймақта жерленді, қай аймақта қаза тапты, оның аты қалай бұрмаланып тұр деген детальдарды анықтап, қағазға түсіріп отырдым. Мен басында оны біреуге керек болады деп ойлаған жоқпын, тек өзім үшін жазып отырған едім. Осылайша, Гурьев облысының өзінен бас-аяғы 21 мың солдаттың жерленген жерін тауып, тізімін түзіп қойдым. Қазір тізімді электронды нұсқаға көшіріп жатырмын. Жуырда «Алыста қалған ағалар жаңғырығы» деген кітабым жарыққа шығады. Онда Маңғыстауда туып, Түркіменстанда соғысқа аттанғандар, Жылыой, Мақат пен Қызылқоғадан кеткендерді бір том етіп шығарайын деп отырмын. Екінші, үшінші томға Атырау облысының қалған облыстарын алфавит реті бойынша шығару жоспарымда бар. Бұған дейін өңірдегі газеттерге тапқан тізімдерді жариялап отырдым. Сол тізімнен соң, Қазақстан бойынша із-түзсіз жоғалған мыңға жуық кісінің ұрпағы аталарының басына барып қайтыпты. 78 жастағы Моншақ есімді апа Польшада жерленген әкесінің басына немерелерімен бірге барса, Дәмеш деген апай Санкт-Петербургке барып келді. Біраз адамды өзімнің көлігіммен де апарып келіп жүрдім. Өзімнің де жеке шаруаларым бар, осының бәрін қойғым келеді, бірақ қоя алмаймын. Хоббиіме айналып кеткен сияқты», - дейді ол. 

МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЕШҚАНДАЙ ҚОЛДАУ БОЛМАДЫ 

Жәнібек мемлекеттік ұйымдар атқаратын жұмысты жалғыз өзі атқарып жүргенімен, әкімдік тарапынан еш қолдау болмағанына өкпелі. 

«Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. 2016 жылдың қараша айында кітабымды шығармақ болып жүгірдім. Атырау облысының, Маңғыстау облысының сол кездегі  әкімдері мен орынбасарларының бәрінің алдына кірдім. Батыстың 100-ге жуық кәсіпкерінің алдында болдым. Бірде-бірі тырп етпеді. Үш кәсіпкер осы жақында шығаратын кітабымның бестен бір бөлігіне қаражат берді, қалғанын өзім несие алып шығарайын деп отырмын. Ресейде әкімдер, шенеуніктер менің қандай жұмыспен барғанымнан хабардар болғаннан-ақ жанымда жол көрсетіп жүріп, қонақ етіп күтіп, сый-құрметтерін көрсетеді. Ал біздің елде шенеуніктер мұндай еңбекті елемейді. Газеттер аты-жөндері мен жерленген орындары белгілі болған жауынгерлердің тізімін жариялауға қаражат сұрайды. Оның бәрін төлеуге менің мүмкіндігім жоқ»,- дейді Жәнібек. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары