ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Елордада биыл 160 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Бұдан бөлек астанада 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биыл абаттандырылатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жайлы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Биыл аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар) дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастырамыз. Осы маусымда ғана абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 120 аула мен 40 қоғамдық кеңістік салынады. Осылайша бір кездері қараусыз қалған жерлерде жаңа тартылыс нүктелері пайда болмақ. Елорданы "Нұр-Сұлтан — жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамытып келеміз.

Абаттандыру кезінде басты назарды өткен жылдағыдай қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге аударамыз. Бүгін Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы бірқатар аулалардың құрылыс барысымен таныстым.

Мысалы, Алатау шағын ауданы (Байқоңыр ауданы) аулаішілік аумақтармен қоршалады. Осы алаңда тоғыз үлкен ауланы абаттандырамыз, бұл жақын маңдағы барлық тұрғын үй кешендерін қамтуға мүмкіндік береді. (Иманов к. 32, 32/1, 32/2, 34, 36; Бейсекбаев көшесі 1, 3; Тархан көшесі 5, 5/1, 7, 7/1). Мұнда 1800-ден астам бала тұрады. Футбол және баскетбол алаңдары, балалар ойын алаңдары, жаттығу алаңдары, воркаут-аймақтар, жайлы күркелер, иттерді серуендетуге арналған алаң және т. б. болады.

Өткен жылы біз Жастар шағын ауданында (Байқоңыр ауданы) осындай үй аулаларын жасадық. Бұл шағын ауданда 50 көппәтерлі тұрғын үй кешені орналасқан. Сол алаңда 23 аула абаттандырылды.

Бүгін сондай-ақ Қосшығұлұлы көшесі, 21 (Сарыарқа ауданы) бойындағы ауланың құрылыс барысымен таныстым. Бұл ауланы "бюджетке қатысу" жобасы бойынша абаттандырамыз. Тұрғындар өздерінің идеялары мен ұсыныстарын көрсететін тұжырымдаманы салды. Қаланың барлық аудандарында, соның ішінде елді мекендерде аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандырамыз.

Өткен жылы 76 гектардан астам жер абаттандырылды. Бұл - 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар). Қала халқының төрттен бірінде спортпен шұғылданатын орындар пайда болды. Осы жылы мұндай орындар әлдеқайда көп болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аула аумақтарын абаттандыру кезінде көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлеміз - ағымдағы жылы 1 млн астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.), оның ішінде елорданың жасыл желегінде отырғызылады», — деп жазды елорда әкімі.