Медеу-Шымбұлақ бағыты бойынша енді электр такси жүреді
Жоба электр стансаларының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде іске асырылуда
Алматыда Медеу-Шымбұлақ бағыты бойынша электр такси жүретін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні электр көлігіне арналған жылдам қуаттайтын электр стансаларын орнату аяқталды. Экотакси аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін іске қосылады деп жоспарлануда. Аталған бағытта қызмет көрсету үшін барлығы сегіз электромобиль шығарылады.
Жоба Қазақстан Республикасында электр стансаларының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде іске асырылып жатыр. Айта кету керек экотакси қызметін Қазақстанда шығарылған JAC маркалы электр көліктері көрсететін болады.
Болжам бойынша электр көлігімен шаңғы базасына жылына 150 мыңнан астам адам жеткізіледі. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына, студенттерге, зейнеткерлерге және әлеуметтік осал топтар санатына жататын адамдарға жол жүруге 50% мөлшерінде жеңілдіктер беру мәселесі пысықталуда.
Қазіргі уақытта ЭҚҚ Операторы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан-Бурабай трассасында 103 жылдам қуаттайтын станцияларын орнатуды аяқтады.