Мамыр айында ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы
Айдың бірінші онкүндігінің соңында елімізде күн күрт суытып, солтүстік өңірлерде үсік жүруі мүмкін
«Қазгидромет» РМК мамыр айына консультативтік ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, мамыр айында жазғы атмосфералық процестер басталады.
«Сәуірден мамырға қарай жауын-шашын ҚР солтүстік жартысында және елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы, тау бөктерлі аудандарында ұлғаяды. Мамыр айындағы ұзақ жылудан кейін суық ауа райы қайталануы мүмкін. Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, оңтүстік аймақтарда үсік мамырдың бірінші жартысында, ал солтүстігінде - айдың соңында аяқталады, бірақ кейбір жылдар мәліметіне сәйкес, оңтүстік аймақтарда үсік мамыр айының соңында, солтүстік және шығыс аймақтарда, тіпті маусымда да болуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Ал 3 мамырдан бастап Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан және Каспийдің оңтүстігінен елдің басым бөлігіне жылы ауа массаларының шығуына байланысты жауын-шашынсыз ауа райы болады және температуралық фон одан ары жоғарылауы мүмкін:
- республиканың басым бөлігінде түнде +10+15°С-қа дейін, күндіз +25+30°С-қа дейін;
- еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысында термометр бағандары түнде +15+20°С, күндіз +30+38°С белгісіне жетеді.
Қазақстанның батысында солтүстік-батыс циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағайлы жаңбыр жауады, жел күшейеді, күндіз ауа температурасы +20+28°С-тан +13+18°С-қа дейін ауытқуы мүмкін. Бірінші онкүндіктің ортасында атмосфералық фронттардың батыстан шығысқа қарай ығысуымен республика аумағының кей жерлерінде екпінді желмен қысқа мерзімді жаңбыр және күн күркіреуі байқалады.
«Батыс антициклонының кіруімен бірінші онкүндіктің соңында ҚР басым бөлігінде температура 5-10°С-қа қысқа мерзімге төмендеуі мүмкін, солтүстік жартысында тағы да түнгі уақытта 3°С градусқа дейін үсік болуы мүмкін», - дейді синоптиктер.
Консультативтік болжамға сәйкес, суық толқын екінші онкүндікте де болуы ықтимал, елдің солтүстік жартысында ауа температурасы 5°С үсікке дейін, күндіз +10+15°С-қа, оңтүстік жартысында - түнде +3+10°С-қа, күндіз +12+20°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде жылудың қарқынды толқыны кезінде солтүстік өңірлерде ауа райы ыстық болады, күндіз ауа температурасы +25+33°С-қа дейін, оңтүстік жартысында +30+38°С-қа дейін жоғарылайды.