Бас санитар дәрігер мәлімдеме жасады
Ерлан Қиясов азаматтардан шетелде демалуды кейінге қалдыра тұруды сұрады
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарды COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалы аса қолайсыз елдерге бармауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарламасына сілтеме жасай отырып.
Ерлан Қиясов азаматтардан шетелде демалуды кейінге қалдыра тұруды, сондай-ақ, жақындарымыз бен ұлт денсаулығын ұмытпау керек екенін еске салды.
«Құрметті қазақстандықтар! Жақын арада COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалы аса қолайсыз елдерге демалысты немесе өзге де сапарларды жоспарлаған барлықтарыңызға мәлімдеме жасағым келеді.
Мен коронавирустық инфекциясы кең тараған Үндістан, Түркия, сондай-ақ Еуропаның, Латын Америкасының, оңтүстік-шығыс Азияның кейбір елдеріне барудан бас тартуды сұраймын. Аталған елдерде күн сайын қауіпті індетті жұқтырғандар саны еселеп артып, антирекордтық көрсеткіш күн сайын жаңаруда.
Ғалымдар коронавирустық инфекцияның жаңа штамдарының жұғу жылдамдығы өте жоғары және қоғамға, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне аса қауіп төндіреді деп дабыл қағуда.
Сондықтан демалысты кейінге қалдыруға кеңес беремін, өйткені бұл сіздің денсаулығыңыз ғана емес, сіздің жақындарыңыздың амандығы, ұлт денсаулығы екендігін ұмытпаңыз», - деп жазды Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.