Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері сандық жүйеге ауысуға құлықсыз
Жыл басында Петропавлдағы арнайы салық салу жүйесі бойынша жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілері POS-терминалдар орнатуға міндеттелген
Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері POS-терминалдар орнатып, сандық жүйеге ауысуға асығар емес. Петропавлда тұтынушы қолма-қол ақшасыз есеп айырысқаны үшін тауар бағасын сауда үстінде қымбаттатып жіберетін дүкендер де баршылық. Кәсіпкерлер мұндай әрекетке баруға банктік қызмет құнының тым жоғары болуы мәжбүрлеп отырғандығын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ғалия Мұстафина Петропавл қаласындағы «Растишка» дүкенінен киім сатып алмақ болған. Таңдауын жасап, кассирге банктік төлем карточкасын ұсынғанда, сауда орнының қызметкері тауар бағасы үш пайызға қымбат болатынын айтқан.
«Растишка» дүкені қолма-қол ақшасыз есеп жасаған тұтынушылардан тауар бағасының үстінен тағы да 3 пайыздық төлем талап етеді. Банктік қызмет құнын коммерсант өзі өтеуі керек. Аталған шығынды тұтынушы көтеруге міндеттелмейді. Бұл дұрыс емес. Кассирдің шартын естігеннен кейін, тауарды алмай кетіп қалдым. Тұтынушылардың құқығы бұзылып жатыр. Қайда шағымдануға болатынын білмеймін. Карточкамен есеп айырысқанда тауар бағасы 3 пайызға өсетіні жайында хабарландыру іліп қойыпты. Онысы көзге көрінбейтін жерде тұр. Дау туған кезде кассир алып шығып, көрсетіп жатыр. Ол дүкеннің не себепті мұндай әрекетке баратынын түсіндіре алмай, қожайынға сілтеді», - дейді Ғалия Амантайқызы.
Жыл басында Петропавл қаласындағы арнайы салық салу жүйесі бойынша жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілері POS-терминалдар орнатуға міндеттелгендігі жайында ақпараттандырылған болатын. Тамыз айынан Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары аталған нысандарда тексеріс жұмыстарын жүргізген. Мониторинг шағын кәсіпкерлердің сандық жүйеге ауысуға құлықсыз екенін көрсеткен.
«Тамыз айынан бастап, біз 65 кәсіпкердің жұмысын тексердік. 40 нысанда POS-терминал орнатылмаған. Қатаң ескерту жасалды. Келесі тексеріске дейін олқылық жойылмаса, оларға 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - дейді СҚО мемлекеттік кірістер департаменті құзыретті органдармен жұмыс жөніндегі бөлім жетекшісі Динара Жұманова.
Электронды есеп айырысу құралын орнатпаған орта бизнес өкілдеріне 60, ірі кәсіпкерлерге 80 АЕК көлемінде шығындалуға тура келеді. Ал терминал орнатқан сауда орындары тауар бағасына ақша қосу әдісіне көшіп алған. Солардың бірі «Растишка» дүкені әкімшілігінің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар.
«Біріншіден, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде тауар бағасына 3 пайыз қосылатыны жайында хабарландыру іліп қойдық. Бұнда ешқандай заңсыздық жоқ. Олай болмағанда біз мұндай әрекетке бармас едік. Екіншіден, әрбір азамат қолма-қол ақшамен немесе карточкамен есептесе алады. Оны тұтынушы өзі таңдау құқығына ие. Біздің тауарлардың құны нарықтағы бағадан төмен. Басқа сауда орындары банктік қызметке төленетін ақыны тауар бағасына қосып қояды. Ал біздің мақсатымыз халыққа барынша қолжетімді бұйым ұсыну. Мәселен, «Растишкада» сатылатын балаға арналған күртеше мен шалбар 1700 теңге тұрса, базарда оны 2500 теңгеге сатып алуыңыз мүмкін. Егер тұтынушы артық төлегісі келмесе, қолма-қол ақша төлей алады», - дейді «Растишка» дүкенінің әкімгері Алма Әбілева.
«ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 40 бабы 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар банктік карточкалар арқылы төлемді қабылдау кезінде тауарларды белгіленген бағадан аспайтын сома бойынша сатуға міндетті. Тұтынушы құқығын қорғау жайындағы заңнамаға сәйкес, сатушының әрекетімен келіспеген тұтынушылар сатушыға заңды мүддесінің бұзылуын жоюды немесе өзіне келтірілген шығынды өз еркімен талап қоюға құқылы. Егер кәсіпкер шағымға 10 күн аралығында жауап бермесе, немесе бас тартса, тұтынушы сотқа жүргізуге құқылы», - дейді ҚР Ұлттық банкінің СҚО филиалының лиректоры Диас Мэлс.
Кәсіпкерлер POS-терминалдармен жасалатын операциялар үшін банктік қызмет төлемі қымбат екендігін айтады. Саудагерлер әр тауардан түскен табысының 1-ден 3 пайызына дейін банктерге беруге мәжбүр. Қаржы институттарының шарттары да әр түрлі. Егер кәсіпкер ай сайын алдын-ала белгіленген сомадан кем сауда жасаса, банкке комиссия төлеуге міндеттеледі. Петропавлда бұл көрсеткіш 100 мың мен 800 мың теңге аралығында белгіленген.
«Өкінішке қарай, әр кәсіпкерге жеке шарт қарастыра алмаймыз. Бәріне бірдей сома белгіленеді. POS-терминалдардан түсетін қаржының 0,5 пайызы ғана банкте қалады. Қалған сома төлем жүйелеріне жұмсалады» - дейді екінші деңгейлі банк өкілі.
Тұтынушы 5 мың теңгенің тауарын сатып алып, 150 теңге үшін сотқа жүгірмесі анық. Айналып келгенде сауда орындары бұл шығындардың барлығын қарапайым халықтың қалтасынан қағып отыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО