$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2019, 11:58
Жаңалықтар

Тоқаев жас бизнесмендерді қолдау үшін бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөледі

Жастар жылының аясында еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға тоғыз мың пәтер берілген

Тоқаев жас бизнесмендерді қолдау үшін бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөледі

Жастар жылының аяқталуына орай өтіп жатқан форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл басталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы үш жылда 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жастар алдындағы сөзін Абай Құнанбаевтың «пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетінен бастаған Президент мемлекеттен грант алып, ісін бастаған жастарды қолдау шаралары тоқтамайды деді. 

«Жастар жылында өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылды. Осы маңызды жыл аясындағы жобаларды іске асыру кезінде даңғазалықтан бас тартып, нақты іспен айналыстық. Мемлекеттік органдар бірнеше маңызды бағыттар бойынша жұмыс жүргізді.  Атап айтқанда, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру ісін қолға алдық», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жастар жылының аясында еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға тоғыз мың пәтер берілген.  Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл пәтерлерді жалға алу құны «айына небары 15 мың теңге ғана».

«Биыл бес мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны отыз мыңға дейін көбейеді. Осыған орай республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлемін», - деп мәлім етті Тоқаев.

Биыл, Президент атап өткендей, тағы  он мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірістерін кеңейткен.  Олардың басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарына арналған. 

«Ауылды өркендетуге үлес қосқысы келетін жастарға алты мыңнан аса жәрдемақы, баспана алу үшін төрт мыңға жуық несие бөлінді», - деді Президент.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары