Декларация: Мемлекеттік органдарда тіркелген мүлік пен екінші деңгейдегі банктердегі ақша туралы ақпаратты көрсету міндетті емес
Декларацияны тапсыру мерзімі жарияланды

Биыл 1 қаңтардан бастап көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жалпыға бірдей салықтық декларациялау жүргізу жүйесі басталды. Бұл ретте Қаржы министрі Үкіметтің кезекті отырысында жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.
«1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тулғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - азаматтардың қалған санаттары тапсырады», - Ерұлан Жамаубаев.
Халыққа ыңғайлы болу үшін декларация тапсыруға электрондық қызметтер көзделген. Ол үшін салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы жұмыс істейді.
«Сондай-ақ, жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін Байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталында «жалпыға бірдей декларациялау» бөлімі құрылды, онда қажетті ақпарат және жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Сонымен қатар, бұдан былай азаматтар декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейдегі банктердегі ақша туралы ақпаратты көрсетпейді. Бұл деректер автоматты түрде Министрліктің Интеграцияланған деректер базасына келіп түседі.
«Декларацияны тапсыру мерзімі: қағаз түрінде - 15 шілдеге дейін; электронды түрде - 15 қыркүйекке дейінгі уақытты қамтиды. Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі. Декларациялаудың бірінші кезеңі шеңберінде бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есептілігін ұсынды», - деп нақтылады Жамаубаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан