ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Ветеринар мамандарды қысқарту жөнсіз – сенатор

Мұхтар Жұмағазиев ветеринар мамандығы бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттыру керектігін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Ветеринарлық стансалардың басым көпшілігі мамандардың жеке үйінде, жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев Жоғары палатының кезекті отырысында осы саладағы бірқатар проблемаларды көтерді.

«Ветеринария саласындағы мамандардың орташа жалақысы 80-90 мың теңге, ал осы бағытта жұмыс істейтін қызметкерлердің орта жасы 50-55, кейде тіпті 59 жасқа дейін жетеді. Үкіметтің квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту тапсырмасымен ветеринарларды қысқарту жағдайы орынсыз», - деді Сенат депутаты. 

Сенатордың айтуынша, бұл мамандықтың болашағы да алаңдатушылық тудырады. Мәселен «Болашақ» бағдарламасымен осы салада 12 адам ғана шет елдерде білім алған. Олардың басым бөлігі мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған. 

 «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасында қойылған мақсаттарды іске асыру шаралары ешқандай сын көтермейді. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында 1875 жас маман жұмысқа орналасқан. Оларға ауылда жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалса, қызметтік тұрғын үйлер беріліп, әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылса, материалдық-техникалық база күшейтілсе – кадр мәселесі өз шешімін тапқан болар еді», – деді Мұхтар Жұмағазиев.

Сенатор өз сауалында агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажеттігіне назар аударды. Осы мамандық бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттырып, ветеринарлардың жалақысын өсіру, олардың материалдық-техникалық жабдықтарын жетілдіру мәселелерінің өзектілігін де атап өтті.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан