Жол апатына қатысты қызметінен кеткен Өскеменнің экс-әкімі жаңа лауазымға ие болды
Ол 2017-2018 жылдары Өскемен қаласын басқарды
Өскеменнің бұрынғы әкімі Қуат Тұмабаев жаңа қызметке барды. Zakon.kz порталының хабарлауынша, экс-әкім Сауда және интеграция министрлігінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қуат Тұмабаев енді экспортты жылжыту департаментінің директоры қызметін атқарады.
Еске сала кетейік, экс-әкім 2018 жылы адам өлімімен аяқталған жол апатына байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болды. 19 жастағы жаяу жүргіншіні қаққан көліктің тізгінінде Риддер әкімінің орынбасары Құрманбаев болған. Ал Өскемен әкімі Қуат Тұмабаев жолаушы ретінде көлікте болған. Кейін ол оқиға куәгері ретінде түсініктеме берді.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін ШҚО әкімі Даниал Ахметов Тұмабаевқа қызметінен кетуге кеңес берді. «Өйткені оның мұндай жоғары мемлекеттік лауазымда жұмыс істеуге моральдық құқығы жоқ» деген еді сол кезде аймақ басшысы.
Қуат Тұмабаев 1980 жылдың 30 қазанында Семей қаласында дүниеге келген.
2001 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (Халықаралық экономикалық байланыс), ал 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін (Құқықтану) тәмамдады.
Еңбек жолын 2001 жылы банк қызметкері ретінде бастаған. 2003 жылдан бастап бас маман, 2005 жылдың сәуір айынан ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мемлекеттік алыс-беріс және несиелендіруді жоспарлау Департаментінде бөлім бастығы болып қызмет атқарды.
2005 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің инвестициялық саясат және жоспарлау департаментіндегі бюджеттік инвестицияларды жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.
2011 жылдан бастап ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
2012 жылдың сәуір айынан бастап ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің директоры болып жұмыс атқарған.
2015 жылдың наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.
2017-2018 жылдары ШҚО орталығы Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарды.