КВИ-мен ауырғандар саны Алматы және Нұр-Сұлтанда көп – Ерлан Қиясов
Елімізде тәулігіне 70 мыңнан астам адам вакцина алып жатыр

Республика бойынша коронавируспен ауырғандардың 58%-ы 3 өңірге – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі. Бұл туралы ОКҚ алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті.
«Инфекциялық төсек-орындардың ең көп қамтылуы Батыс Қазақстан және Алматы облыстарда 58% және Алматы қаласында – 55% екені байқалады. Реанимациялық төсек-орындардың ең көп қамтылуы Алматы қаласында – 56% және Нұр-Сұлтан қаласында – 58%», - деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр елімізде тәулігіне 70 мыңнан астам адам вакцина алып жатыр деді.
«Вакцинациялаудың өсу қарқыны байқалады, вакцинациялаумен қамту тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін артты. Бүгінгі күні бірінші компонентпен 766 614 азамат, екінші компонентпен – 126 500 азамат егілді. Бүгінгі күні өңірлерде шамамен 156 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап айтқым келеді. Бүгінгі күні өңірлерде 1051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде», - деді Қиясов.
Айта кетейік, шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды. Иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылды.
Ауыл тұрғындары үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру мақсатында вакцинация жылжымалы медициналық кешендерді пайдалана отырып ұйымдастырылады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан