Ақсу қаласында сертификат сатқан кәсіпорын басшысы сотталды
Ол заңсыз жолмен «Электро-газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша куәлік берген
Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша ЭТД қызметкерлері Ақсу қаласындағы бір кәсіпорынның басшысының «Электро-газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша оқудан өткені туралы куәлік бергені үшін коммерциялық сатып алу ретінде заңсыз ақша алғанын анықтады. Оқыту іс жүзінде іске аспай, құжаттардың тек қағаз жүзінде ресімделгені белгілі болды.
Бұл мамандық құрылыстан бастап мұнай өндіруге дейін бірқатар салаларға қатысы болғандықтан, оқытусыз сертификат беру халық үшін зор қауіп тудырады.
Ақсу қалалық сотының үкімімен ұйым басшысы кінәлі деп танылып, оған оқыту-білім беру қызметімен байланысты коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан 2 жылға айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.