Елімізде 1-сыныпқа қабылдау үшін 75 мыңға жуық өтініш түсті
Өтініштерді қабылдау электрондық форматта eGov.kz арқылы жүргізіледі
Еліміз бойынша 20 күннің ішінде 1-сыныпқа қабылдау үшін 75 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алты жасар және ағымдағы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалардың құжаттарын бірінші сыныпқа қабылдау науқаны жалғасып жатыр. 20 күннің ішінде 75 мыңға жуық өтініш келіп түсті», - делінген ақпаратта.
Өтініштерді қабылдау электрондық форматта eGov.kz арқылы жүргізіледі.
Мектепке мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
- баланың туу туралы куәлігі;
- баланың денсаулық жағдайы туралы құжат (№026/у-3 нысаны бойынша бала денсаулығы паспорты, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама);
- 3х4 көлеміндегі 2 фотосурет.
«Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды оқу жылының басталуына дейін тапсыра алады.
Айта кетсек, 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау онлайн түрде жүргізіліп жатыр.