Жираф пен зебра атып жүр: Африкадағы қазақтардың видеосы қызу талқыға түсті
Жануарды бір оқпен сұлатып салған аңшының әрекетін айыптағандар басым болды
Әлеуметтік желілерде қазақтардың Африкада жираф атып, зебраны көлікке басып жатқан видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана TV» телеарнасына сілтеме жасап.
Пікір білдірушілердің басым бөлігі жануарды бір оқпен сұлатып салған аңшының әрекетін айыптады. Дегенмен қолдау білдіргендері де аз емес.
Күні кеше желіде тараған кадрлар қызу талқыға түсті. Жануарға жаны ашып, аңшының әрекетін айыптағандар басым. Мәселен, Али есімді YouTube-қолданушы ләззат үшін жануарды өлтіру күнә деген пікір қалдырған. Данияр есімді жігіт «Адамдар не болып кеткен?» деген сұрақ қояды. Тағы бірі «Қазақтың жүрмейтін жері жоқ, жүрсе де ет іздеп жүреді» дейді. Бекжан деген жігіт«Зебраның етін жеуге бола ма, ол есек тұқымдас емес пе?» деген сауал қалдырыпты.
Алайда аңшының мақсаты да сол, жануардың етін жеу екен. Зебраның өлі денесін көлікке салып жатып өзі де айтты.
Аңшы Батыр Сейкенов жираф атқан азаматты айыптағандарды мультфильм көріп өскендер деп сынға алды. Айтуынша, Африкаға аң аулауға арнайы турлар бар. Онымен жекеменшік компаниялар айналысады. Бірнеше жыл бұрын өзі де барыпты. Бір зебраны атып алуға 600 доллар төлейді екенсіз. Ал жирафтың құны қымбат, шамамен 2 мың доллардан асады. Арыстан атып алғыңыз келсе, 20 мың доллар төлесеңіз болғаны.
«Бұл қарапайым аңшылық. Жирафтың кез келген түрін атады деген сөз емес. Видеода репродуктивті жастан өткені атылғаны көрінеді. Шырылдап пікір жазып жатқандардың ойынша, әдемі жануарды атуға болмайды, олардың жаны ашиды, ал басқасын өлтіре беруге бола ма сонда? Нағыз жануарды өлтіру жағдайын көргіңіз келсе ет комбинатына немесе құс фабрикасына барыңыздар», - дейді аңшы Батыр Сейкенов.
Африкада аң аулап жүрген қазақтың бұл әрекеті заңды ма деген сауалға аңшылар қауымдастығының бұрынғы басшысы Қайырбек Шақуалиұлы жауап берді. Оның айтуынша, Африкада ережеге сай белгілі бір жан-жануарға аңшылық етуге рұқсат етілген екен. Одан түскен қаражат сол жануарлардың көбеюіне және оларды қорғауға жұмсалады деді.