Алматы облысында оқушылар толықтай қашықтан оқуға көшеді
Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды
Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерғали Сыдыманов 16 сәуір күні «Алматы облысының аумағында карантин режимі және кейбір шектеу шараларын күшейту туралы» 2021 жылы 9 сәуірдегі №8 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаулыға сәйкес, меншіктің барлық нысанындағы орта білім беру объектілерінің оқушыларын дәстүрлі форматта оқыту уақытша тоқтаталады және қашықтан оқыту (онлайн) режиміне көшіріледі.
Интернет байланысы жұмыс істемейтін немесе үзіліспен жұмыс істейтін шалғай елді мекендерде сыныптарды 25 адамнан аспайтын жинақтаумен, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат етіледі.
«Сондай-ақ, үй-жайда 15 адамнан аспайтындай толтырумен, шахмат тәртібімен отырғызумен, маскалық режимді және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, орта білім беру объектілері оқушыларының білімін бағалау бойынша республикалық олимпиадаларды өткізуге рұқсат берілген. Бұл ретте үй-жайларды адамдардың қатысуымен пайдалануға рұқсат етілген ауаны зарарсыздандыруға арналған аспаптармен (рециркуляторлар, экрандалған бактерицидті сәулелегіштер) жабдықтау ұсынылады», - делінген хабарламада.
Қаулы 2021 жылдың 19 сәуірінен бастап күшіне енеді.