Жанғозинге еден жу деген тапсырма берген жоқпын - министр Аймағамбетов
Мұғалімдерді заңсыз есеп, тексеруге тартқан, сенбілікке шығарған адамдарға айыппұл салынады

«Педагог мəртебесі» туралы заң жобасы ұстаздарды сенбілікке тартатын əкімдер мен директорларға 300 мың теңге айыппұл салу нормасын көздейді.
Нақтырақ айтсақ, мектеп ұстазының сабақтан тыс жұмысқа, өз жұмысына жатпайтын есеп жасауға, сенбілікке шығуға мəжбүрлеген тұлғаларға 20-120 АЕК аралығында айыппұл салынады.
«Мектепке кім келіп тексеру жүргізбейді дейсіздер. Міне, мұғалімдерді сондай заңсыз есеп, тексеруге тартқан, сенбілікке шығарған адамдарға айыппұл салынады. Əкім болсын, директор болсын. Ол үшін мұғалім жергілікті прокуратураға шағымдануы керек»,- дейді министр.
Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін де дәл осындай айыппұл қарастырылған. Министр сондай-ақ, білім саласының қызметкерлері арасында флешмобқа айналған еден жуу мəселесіне қатысты пікір білдірді.
«Біріншіден, бұл мəселе министрлік деңгейінде көтеріліп жатқан жоқ. Дегенмен, қоғамда осы мəселе талқыланып жатыр. Талқыланғаны да дұрыс шығар. Екіншіден, қазір мектептерде осы жұмысты атқаратын (еден жуатын) қызметкерлер бар. Оларға жалақы қарастырылған. Үшіншіден, осындай жұмысқа тартамын десе, ең біріншіден баланың ынтасы, екіншіден, ата-анасының келісімі керек. Өйткені, санитарлық нормалар бар. Сондықтан, бұл мəселеге немқұрайлы қарауға болмайды, байқау керек. Əртүрлі хайптарды алып, жоқ нəрсені бар қылу дұрыс емес»,- дейді Аймағамбетов.
Ал, өз кабинетінің еденін жуған Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Əнуар Жанғозиннің əрекетіне қатысты министр «біз ондай тапсырма берген жоқпыз» деп қысқа жауап берді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан