«Манчестер Юнайтед» ойыншысы Тоқаевтың атын қате жазды
Сербиялық футболшы Неманья Матич «Астана» клубы туралы, Нұр-Сұлтан қаласы жайлы инстаграм желісінде тест жүргізді

Бүгін Еуропа лигасы турнирінің топтық кезеңдегі алғашқы туры басталып, L тобындағы «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Астана» командасын қабылдайды. Елордалық команда талай жылдан бері Еурокубок турнирлерінде ойнап жүргенмен, ағылшын жанкүйерлері МЮ қарсыласы туралы көп ақпарат біле бермейді. Осыған байланысты ағылшын клубының жартылай қорғаушысы, белгілі сербиялық футболшы Неманья Матич инстаграм парақшасындағы сторисінде «Астана» клубы туралы, Нұр-Сұлтан қаласы жайлы тест жүргізді. 1,5 млн оқырманы бар футболшы Қазақстан жайлы, қазақстандық футбол туралы жүргізген тестінде өте қызықты сұрақтар қойған.
«Қазақстан астанасының атауы қай экс-президенттің құрметіне ауыстырылды?» деген сұрақтың астына Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Дидар Жалмұқан, Алтай Көлгінов деген жауап нұсқалары берілген. Бір өкініштісі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегін «Tolayev» деп қате жазған.
«Астана» мен «Манчестер Юнайтед» командаларын не байланыстырады?» деген сұрақ жауабында River, Adidas, Ciusine, State деген нұсқалар бар.
«Астана» командасы қай чемпионатта өнер көрсетеді?» деген сұрақ жауабында Ла Лига, Бундеслига, А Серия, Қазақстан премьер-лигасы деген жауаптар көрсетілген.
«Астана» клубының қақпашысы кім?» деген сұраққа Ненад Эрич, Марин Аничич, Евгений Постников, Марин Томасов секілді ойыншылардың тізімін беріпті.