Зейнетке ерте шықпайды. Жеңіл ипотека жоқ. Ұстаздар тағы қандай мүмкіндіктерден қағылды?
Асхат Аймағамбетов Мəжілісте заң жобасын таныстыра отырып, құжатқа енбей қалған ұсыныстарды атады

Былтыр күзден бастап ұстаздар мен қоғам өкілдерінен жиналған 8000 мыңға жуық ұсыныс енген «Педагог мəртебесі» туралы заң жобасы бүгін депутаттарға жетті.
Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мəжілісте заң жобасын таныстыра отырып, құжатқа енбей қалған ұсыныстарды атады.
«Мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігін ескеріп, қоғам тарапынан ұсынылған бірқатар ұсыныстар, соның ішінде, зейнетке ерте шығу, сауықтыру жəрдемақысын екі есе көбейту, педагогтарға арналған жеңіл ипотека, доцент жəне профессор атағы үшін үстемеақы, педагог мамандығы бойынша оқитындардың шəкіртақысын көбейту туралы ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінен өте алмай қалды»,- деді білім министрі.
Оның айтуынша, заң жобасының осы ұсынылып отырған редакциясы 1 трлн 202 млрд теңге, соның ішінде, 2020 жылға 214 млрд теңгені көздейді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан