ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1800-ден астам адамнан коронавирус анықталды

Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған ірі спорт клубтары мен дамыған ұлттық спорт түрлері

Қазақстанда спорттың әр түрі бойынша 101 республикалық федерация жұмыс істейді

Коллаж

Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл. Azattyq Rýhy тілшісі еліміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетістіктерін жазып келеді. Бүгін ірі спорт клубтары мен қазақстанда дамыған спорттық ойындарға тоқталғымыз келіп отыр.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы 30 жыл ішінде 25-тен астам ұлттық спорт түрі дамыған. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бүгінде республикамызда ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі мен 45 ипподром жұмыс істейді. Сонымен қатар еліміздегі ең ірі спорт клубтарының алдыңғы легінде «Барыс» хоккей клубы мен «Рахат» клубы тұр.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметі бойынша, Тәуелсіздік жылдарында халықаралық деңгейде (Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, құрлық чемпионаттары) жетістіктерге жеткен қазақстандық спорт клубтарының қатарындағы «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Шығыс конференциясының Чернышев дивизионында өнер көрсетеді. «Барыс» - шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының негізгі клубы. 2008 жылдан бастап Құрлықтық хоккей лигасына (ҚХЛ) қабылданды. ҚХЛ-дағы үздік нәтиже - 2013/2014, 2016/2017, 2018/2019 маусымдарында Гагарин кубогының ширек финалына шықты.

Әйелдер арасында волейболдан «Рахат» клубы Азия чемпионататының екі дүркін жеңімпазы атанып, (2004, 2007 жж), 2005, 2006 жылдары күміс жүлде иеленді. Ал, ерлер арасындағы волейболдан «Рахат» клубы Азия чемпионатының 2005 жылғы жеңімпазы, 2006 жылы күміс, 2004 жылы қола жүлдегері атанды.

Сонымен қатар, үздік спорттық клуб қатарына «Атырау» волейбол клубы да кіреді. Клуб 2003 жылы Азия чемпионатында қола, 2018 жылы күміс жүлдені иеленген. «Жетісу» волейбол клубы Азия чемпионатының 2010 және 2013 жылдары күміс, 2014 жылғы қола жүлдені иеленсе, «Алматы» волейбол клубы 2008 жылы Азия чемпионатында күміс жүлдені қанжығалаған.

2006 жылы Елбасы бастамасымен «Астана» кәсіпқой велокомандасы құрылды. Сол жылы Александр Винокуров Испания «Вуэльтасында» топ жарған еді. 2009 жылы «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» мәртебелі көпкүндігінде жеңіске жетіп, 2010 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Кәсіпқой велокоманданың табысы арқасында «Астана» бренді спорт әлеміне кеңінен танымал болды.

2010 жылы қазақстандық және шетелдік боксшылардың басын қосқан «Astana Arlans» кәсіпқой спорт клубы құрылды. Содан бері клуб Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасына тұрақты қатысып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында жекеленген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциациялар мен одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты. Бүгінде елімізде әртүрлі спорт түрлерінен 101 республикалық федерация жұмыс істейді.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ СПОРТТЫҢ ДАМУЫ

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың жазында елімізде карантин шаралары жеңілдетілген тұста, оқу-жаттығу жиындарын қайта жандандыру үшін арнай штаб құрылып, ел аумағында 270 оқу-жаттығу өткізілген.

Ведомствоаралық комиссияның шешімімен, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ішкі жарыстар ұйымдастырылды. Жарыстар арнайы ереже бойынша өтті. Ел аумағындағы халықаралық жарыстарға келетін болсақ, өткен жылы ұлттық федерациялардың ұйымдастыруымен үш халықаралық жарыс өткізілді. Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында су добынан ерлер командалары арасында ресейлік командамен кездесу, 20-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында баскетболдан өткен дода, 2021 жылғы Азия Кубогының іріктеу матчтары ұйымдастырылды.

«ҚР ҰОК үшін басты міндеттің бірі - cпортшылар мен жарысқа қатысушылардың денсаулығын, қауіпсіздігін сақтау. Осы ретте ҚР ҰОК жарыс өткізу кезінде коронавирус індетіне қарсы  арнайы ереже әзірлеген болатын. Құжатқа сәйкес, жарысқа қатысушы спортшылар оқшауланып, олардың өзге де адамдармен байланысы шектетілді, жарыстар көрерменсіз өтті. Осындай тәртіппен, 2021 жылы фристайлдан Әлем чемпионаты мен әлем Кубогының кезеңдері Алматы қаласында Шымбұлақ кешенінде өтті. Сол жарыста қазақстандық спортшылар төрт медаль жеңіп алды. Юлия Галышева, Павел Колмаков және Анастасия Городко фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегерлері атанса, фристайл-акробатикадан Жанбота Алдабергенова Әлем Кубогы кезеңінің жүлдегері болды.

Сәуір айының 9-11 аралығында Алматыда күрес түрлерінен Олимпиада ойындарының Азия құрлығындағы іріктеу турнирі өтті. Сол бәсекеде грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов алтын медаль, еркін күрестен Юсуп Батырмурзаев алтын жүлде, Азамат Дәулетбеков қола, әйелдер күресінен Татьяна Ахметова-Аманжол күміс медаль жеңіп алды. Сәуірдің 13-18 күндері Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Жоғарыда аталған федерациялар қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ковидке қарсы бекітілген хаттамаларды орындау бойынша айтарлықтай жұмыс атқарды», - деді Спорттық дирекция басшысы Елсияр Қанағатов.

Еске сала кетейік, пандемияға дейін еліміздің аумағында олимпиадалық спорт түрлерінен 6 халықаралық жарыс өткізіліп, 2020 жылы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама команда мүшелері шет елдерде өткен 170 халықаралық жарыстарға қатысып 217 медаль иеленген болатын.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан