Ираннан ұшып шыққан 12 аққудың не себепті Атыраудағы мұнайлы сорға қонғаны белгілі болды
Енді Атырау облысы арқылы пеликан мен фламинго ұшып өтуге тиіс
Мақат ауданының Қошқар кен орнындағы сорға қонып, жергілікті мұнайшылар құтқарып алған аққулар өз бағытымен әрі қарай ұшып кетті. Бұл туралы аумақтық жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Нұрлан Иманғалиев хабарлады.
«Кешегі аққулар жеткізілген Соколок өзенін тексердік. Аққулар ол жерде жоқ болды. Демек, олардың жағдайы жақсы және әрі қарай өз бағытымен ұшып кеткенін білдіреді. Жылдың осы уақытында аққулар солтүстік өңірлерге Атырау облысы арқылы ұшып өтеді. Олар Иран мен Африкадан ұшып келе жатыр. Түнде ай сәулесімен мұнайлы сор оларға таза су болып көрініп, сол жерге қона салған болуы мүмкін. Кейін қанаттарына тұз қатып, ұша алмай қалды. Мұнайшылардың көмектескені жақсы болды, - дейді Иманғалиев.
Инспекция басшысының айтуынша, енді Атырау облысы арқылы пеликан мен фламинго ұшып өтуге тиіс. Бұл ретте қызғылт фламингоның жартысына жуығы Жылыой ауданында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде қалып қояды. Ал пеликанның көбі Құрманғазы, Исатай аудандарының тұсындағы Каспий теңізінде Маңғыстау облысының шекарасына дейін қалады.
13 сәуірде әлеуметтік желіде Мақат ауданының Қошқар кен орнындағы мұнайлы сорда тұрып қалған аққулар туралы ақпарат пайда болды. Сонымен қатар, жергілікті мұнайшылардың осы құстарға көмек көрсеткені туралы фото және бейнежазба да тарады.