ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 595 мыңнан асты

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған әйел босанды

Тест қорытындысы нәрестенің бойында COVID-19 инфекциясы жоқ екенін көрсетті

Түркістан облысында COVID-19  індетімен ауыратын 20 жастағы жүкті әйел дәрігерлердің көмегімен аман-есен босанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіншек Сайрам аудандық инфекциялық ауруханасына жүктіліктің 39 аптасында ЖРВИ симптомдарымен амбулаторлық қабылдауға жеткізілген. Сынама нәтижесі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Айы-күні жетіп, толғағы қысқан әйел мен оның сәбиінің өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде білікті дәрігерлердің қатысуымен арнайы консилиум өткізілген.

«Әйел аман-есен тұңғышын дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы 3400 грамм. Одан бірден коронавирусқа сынама алынды. Жаңа туған ұл бала анасынан оқшауландырылды. Тест қорытындысы нәрестенің бойынан  COVID-19 инфекциясының табылмағанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы.  Жеке бокста, дәрігерлердің жіті бақылауында. Анасының да жағдайы бірқалыпты», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр өңірде короновирус инфекциясын жұқтырған 122 жүкті әйел аман-есен босанған. Түркістан облысында жыл басынан бері 15 мыңға жуық сәби дүниеге келген. 2020 жылы өңірде 61 274 нәресте туған. Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр.