ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

ТШО ресми өкілі мұнайшыларының 90%-ы вакцинадан бас тартқаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Мыңнан астам қызметкер вакцина алып, тағы 6,5 мың адам екпе жасатуға ниет білдірген

«Теңізшевройл» компаниясының ресми өкілі Рзабек Артығалиев компанияда вакцинация штаттық режимде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«12 сәуірге дейін ТШО-ға төрт мыңға жуық доза вакцина берілді. Бүгінде мыңнан астам қызметкер вакцина алды. Тағы 6,5 мыңнан астам адам екпе жасатуға ниет білдіріп, оны вакцинаның түсуіне қарай алады. Бізде мұнайшылардың 90 пайызы вакцинациядан бас тартқаны туралы ақпарат жоқ. Қайталап айтамын, адамдар вакцина жасатуға кезекке тұруда. ТШО компаниясының қызметкерлерінің көбі вакцинаны тұрғылықты жері бойынша өз емханаларында алып жатқанын білемін», – деді ол.

Еске сала кетейік, 13 сәуірде «Хабар 24» телеарнасы «Қазақстандық мұнайшылардың 90%-ы вакцинадан бас тартты» деген сипатта ақпарат таратты.

Бүгінде қызметкерлер өз міндеттеріне кіріспес бұрын оқшаулануға міндетті. ТШО өкілінің айтуынша, қазір COVID-19 жағдайына байланысты өтемақы төлеу бағдарламасы қайта қаралуда, сондай-ақ ол еліміздегі және теңіздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

«СЭС мәліметтері бойынша, 2021 жылғы 26 наурыздан бастап толық вакцинацияланған қызметкерлерге вахтаға келгеннен кейін оқшауланудың қажеті жоқ», – деп жауап берді компаниядан.