ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Үйіміз зират ортасында қалатын күн қашық емес» - Көксай ауылының тұрғындары

Тұрғындар қорым ішін қойып, үй іргесінде бейіт салатындармен алысып әлек

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысы Көксай ауылының тұрғындары жапсарлас тұрған қорым толғанмен, әлі күнге адамдарды жерлеп жатқанына шағымданды. Айтуларынша, ауыл ақсақалының бірі әкімдікпен ауыз жаласып, ойына келгенін істеп жатыр. Ал бейіттердің бір шеті үйлерінің іргесіне жетіп қалған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Көксайдағы қорым мен үйлердің арасын тек қоршау ғана бөліп тұр. Оны тұрғындардың өзі амалсыз көтерген. Аузы-мұрнынан толған зират жайлап жылыстап, өлгендердің мекені тірілердің тұрғын жайына жақындап жатыр.

 «Олар бизнеске айналдырып алды. Тоқтамайды, ешкімге бағынбайды. Әкімшіліктің адамы келді, «тоқтат» деді, оған да бағынбайды», - дейді Көксай ауылының тұрғыны Азамат Орынбетов.

Тұрғындар қорым ішін қойып, енді тіптен үй іргесінде бейіт салатындармен алысып әлек. Былтыр осы уақытта түнде шарбақ түбін қазып мәйіт жерлемек болғандардың үстінен түсіпті. Айқай-шумен марқұмның денесін басқа аумаққа жерлеуге мәжбүрлеген.

Көксайлықтар осыдан бірнеше жыл бұрын «зиратқа енді ешкім жерленбейді» деген атқамінерлер сөзінде пәтуа жоғын айтады. Мұнда кімді қайда, қаншаға орналастыратынын ауыл ақсақалы шешеді екен. Бір қызығы, аумақ құжат жүзінде әкімдікке тиесілі. Осында жеткен әкім орынбасарына тұрғындар «ым-жымдарың бір, бірігіп орын сатасыңдар» деп сұрақтың астына алды.

«Сіздер бірге алғансыздар, 50 мың теңге. Егер сіз сол ақшаны алмайтын болсаңыз, онда неге осыны тоқтатып тастамайсыз?», - деді тұрғындар.  

Бұл сұраққа шенеуніктен мардымды жауап болмады. Үй мен қорымның арасы заң бойынша қанша метр болуы керек екенін біле тұра, жағдайды өзінше түсіндірдіп бақты.

«Қараңыз, мына жерде үй мен бейіттің арасы қанша метр? Кезінде беріліп кеткен ғой, мына жер. Зират болған кезде мына үйлер ол кезде болмаған», - деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Үмбетәлиев.

Тығырықтан шығар жалғыз жол – жаңа зиратқа орын бөлу. Әкімдік «Қарастырудамыз, ал әзірше мына қорымға ешкімді жерлеуге рұқсат бермейміз» деп отыр. Бірақ бұл уәдеге тұрғындар сенбейді.