ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Жемқорлық күдігіне ілінген атыраулық шенеуніктерге қатысты айыптау қорытындысы жарияланды

Олар аса ірі мөлшерде пара деген күдікке ілінген

фото: Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

8 сәуірде Атырауда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен бұрынғы құрылыс бөлімінің бастығы Тимур Басаровқа қатысты сот ісі жалғасты, деп хабарлайды azh.kz.

Атырау облысы «қызыл аймақта» болғандықтан, тергеу абақтысындағы айыпталушылар сот отырыстарына онлайн режимде қатысады.

Төрағалық етуші сот Зарема Хамидуллина айыпталушылардың жеке тұлғасын анықтады, олардың құқықтарын түсіндірді, сондай-ақ арызданушыны жәбірленуші деп таныды (ол сотқа дейінгі тергеуде куәгер болған).

Онлайн өткен сот отырысына Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Атырау филиалының өкілдері қоғамдық бақылаушылар ретінде қатысты. Айыпталушылардың адвокаттары сот мәжіліс залында АҚжҚБ операторына бейнежазба түсіруге рұқсат ету туралы өтініш берді. Өтініш мақұлданбады, себебі карантинге байланысты бөгде адамдар сот залына кіре алмайды.

Мемлекеттік айыптаушы Нұржан Жангереев Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-тармағы, 366-бабының 4-тармағы (аса ірі мөлшерде пара алу әрекеті) бойынша айыптау қорытындысын жариялады.

Енді сот тараптар ұсынған дәлелдерді зерттеуді бастайды.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровқа 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.