ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 6797 адамнан коронавирус анықталды

Қару-жарақ пен әскери техника жазғы пайдалану тәртібіне ауыстырыла бастады

18 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техниканы қамтитын жұмыстар 14 мамырға дейін жалғасады

 

Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскери бөлімдері мен құралымдарында қару-жарақ пен әскери техниканы пайдаланудың жазғы кезеңіне ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .

Техникалық қызмет көрсету үш кезеңде жүргізіледі.

Дайындық кезеңінде барлық қажетті құжаттама қаралып, қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізіледі. Ал негізгі кезең қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық күйін тексеруді, ақауын анықтауды және кемшіліктерді жоюды қарастырады. Әртүрлі климаттық жағдайларда техниканы пайдалануға дайындық жұмыстарының негізгі көлемі соңғы кезеңде орындалады.

Жоспарлы жұмыстардың мақсаты – әскери көліктерді ыстықта мен шаңдану кезіне дайындау, қыста пайдаланғанда анықталған ақауларды жою, қару-жарақ пен әскери техниканы жарамды, жауынгерлік әзірлікте ұстау. Себебі Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын осы мақсаттар айқындайды.

«Дөңгелекті, шынжыр табанды техника мен артиллериялық қаруларға сапалы жөндеу жүргізу үшін жауынгерлік көліктер тұрағында техникалық қызмет көрсету бекеттері орналастырылған. Бокстарда әскери қызметшілер техника мен қару-жарақтың жарамдылығы мен қызметін тексереді, жабдықтарды тазалау, автокөліктердің тораптары мен агрегаттарына қызмет көрсетіледі. Агрегаттарды, машиналар мен қару-жарақ тораптарын майлау міндетті түрде тексеріліп, тазартылады, аккумуляторлық бөліктер мен батареяларды қуаттайды», - деді тыл және қару-жарақ бастығының орынбасары – ҚР ҚК қару-жарақ бас басқармасының бастығы полковник Талғат Аралов.

18 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техниканы қамтитын бұл жұмыстар 14 мамырға дейін жалғасады. Сондай-ақ олардың басым бөлігі Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінде шоғырланған.