Елордада су басу қаупі бар 29 учаске анықталды
Ильинка, Өндіріс, Көктал-1, сияқты тұрғын алаптары есепке алынды
Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Сыздықов су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлім етті. Оның айтуынша, қазір елордада су басу қаупі бар 29 учаске анықталды. Бұл көрсеткіш 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда 8 учаскеге азайды.
«2020 жылдың қазан айынан бастап су тасқыны кезеңін өткізуге дайындық бойынша кешенді жұмыс басталды. Аудандық комиссиялардың дербес құрамы бекітілді. Қаланың барлық тұрғын алаптары - оның ішінде Ильинка, Өндіріс, Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный, Пригородный және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптары есепке алынды. Су тасқыны қаупі бар 29 учаскеде азаматтық қорғау органдарының тобы тұрақты дайындыққа келтірілді, сондай-ақ құрамында 200-ге жуық адам бар коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдары, 130-дан астам техника және 20-дан астам өрт сөндіру сорғы станциялары бекітілген», - деді спикер.
Қазір Есіл өзені мен Сарыбұлақ арнасының жағалауын нығайту, түбін тереңдету және түзету, Майбалық көлінен Нұра-Есіл арнасына дейін су бұру каналын орнату жұмыстары жалғасып жатыр.