ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

СҚО-да Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша ЖОО құрылады

Өңірде алдағы жылдары тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жобалар іске асырылады

Фото: ашық дереккөзден

2025 жылға дейін СҚО-да тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бірқатар жобалар іске асырылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында айтты.

Әсет Ерғалиев 300-ден аса ауылды елдімекендерде өңірлік стандарттарға сәйкес жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері және т.б. нысандар салынантынын айтты. Сондай-ақ, аймақтағы инфрақұрылымдық жүйелер де жаңартылмақ.  

«Қалалар мен ауылдарда ұзындығы 412 км сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылатын болады, бұл 100% ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2,3 млн шаршы метрді құрайтын 21,7 мың пәтер салу және пайдалануға беру жоспарлануда. Өңірдің барлық қалалары, тірек және спутниктік ауылдары кеңжолақты Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын шамамен 2 100 км жолды жөндеу және реконструкциялау жүргізілетін болады, 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 98% - ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Ерғалиев.

Өңірдегі денсаулық сақтау және білім беру салаларын да заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. 

«Облыстық көп бейінді аурухана, сондай-ақ аудан орталықтарында, тірек және спутниктік ауылдық елді мекендерде 47 медициналық нысан салынады. 3 ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептерді жою мақсатында 16 мектеп бой көтереді. Сондай-ақ, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық оңалту мектеп – интернатының құрылысы жоспарлануда. Сонымен бірге Назарбаев Университетінің және Академиялық көшбасшы орталығы тәжірибесі бойынша ЖОО құрылатын болады», - деді министр.

Сондай-ақ, облыста Ұлттық ұлан Әскери институтының ғимараттары салынбақ. Ал «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге жыл сайын 300-ге жуық әлеуметтік сала мамандары тартылатыны мәлім болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан