Елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт артты
Нұр-Сұлтан қаласы індеттің өршуі бойынша әлі де «қызыл аймақта» тұр
Елордада соңғы үш күннің ішінде КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Күніне 350-ден 400-ге дейін жағдай тіркелуде. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 153,5-ті құрап отыр. Жыл басынан бері Елордада ауырғандар саны 11 мыңнан асты. Ал пандемия басталғалы 30 мыңнан астам жағдай тіркелген. Соңғы аптада вирусты жұқтырғандар санының өсу есебінен наурыз айында қаңтармен салыстырғанда 1,1 есеге артқаны байқалады», - деді Сархат Бейсенова.
Нұр-Сұлтан қаласы індеттің өршуі бойынша әлі де «қызыл аймақта» тұр. Инфекцияны жұқтырып алу жағдайы 25%-ға өскен екен. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов эпидемиологиялық жағдай өткен жылдың жаз айларына ұқсас екендігін айтты.
«Қазіргі уақытта науқастар ауыр хәлде түсіп жатыр. Әсіресе, бұл егде жастағы, яғни 40 пен 60 жас аралығындағы адамдар. Бүгінге сәйкес КВИ анықталған жаңа 623 жағдай тіркелген. Төсек орындардың жүктемесі 74%-ды құрайды. Сондай-ақ, жан сақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастардың саны артқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 66 науқас жатыр, жүктеме 50 %-ды құрайды», - деді Тимур Мұратов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан