Нұр-Сұлтанда карантин кезінде түнде жұмыс істеген караоке-барлар анықталды

Өткен түнде 10-ға жуық мекемеге айыппұл салынды

Фото: Astana.gov.kz

Елордада өткен түнде карантин талаптарын бұзған 10-ға жуық мекемеге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Өткен түнде, яғни 27 наурызға қараған түні мобильді топтар қаланың төрт ауданында карантин режимін бұзған 10-ға жуық мекемені анықтады.

Мәселен, Сарыарқа ауданындағы "Нирвана" түнгі клубы сағат 23.00-ден кейін де жұмыс істеді. Ал бас санитар дәрігердің қаулысында 22.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілген.

Осыған ұқсас заңбұзушылық "Asiatiq" мейрамхананда анықталды, ал "Adagio" караоке-бары жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан келушілерге қызмет көрсеткен. Екі мекеме де Есіл ауданында орналасқан.

Алматы ауданында орналасқан төрт бірдей қоғамдық тамақтану нысаны белгіленген жұмыс режимін бұзды. Олардың арасында "Панаехали", "До утра" барлары, "Зина" мейрамханасы, "Шах" кафесі бар.

Байқоңыр ауданында орналасқан "Шашлыкофф" гриль бары мен "Рыба моей мечты" караоке залы да карантин режимін бұзды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдау және оларды жауапкершілікке тарту үшін материалдар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.