Арба шауып бәйге алмас...
Алматы облысында тұңғыш рет екі дөңгелекті арбамен бәйге ұйымдастырылды. Бірақ этнографтар қазақ халқында атарбамен бәйге шабудың дәстүрге жат екенін айтады
Алматы облысында халық апатқа себеп болған отарбаның мәселесін қызу талқылап жатқанда, жергілікті әкімдік бұрын-соңды қазақ жерінде болмаған атарба жарысын ұйымдастырып жатыр. Екі дөңгелекті арбаны атқа жегіп жарысудан он бес күнге созылатын шара басталып та кеткен. Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ақтық сынды 25 қыркүйекке белгілеп, жеңімпаздарды марапаттамақ. Жеңімпаздар арнайы кубокқа ие болады. Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында басталған JETISÝ ARBA BÁIGESI-інің мақсаты, оның ұлттық руханият пен отандық туризмді насихаттауға ықпалы туралы не білеміз?
«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі атты мекеме таратқан ресми мәлімдемеде «бәсеке Алматы облысы табиғатының аясында ортағасырлық керуендердің басты көлігі болған – екі дөңгелекті ат арбалардың қатысуымен өтеді. Командалар екі сайыс түрінен жарысқа қатысады. Берілген қашықтықты жылдамдыққа жүріп өтеді, этнографиялық спорттық шығармашылық бойынша сынға түсіп, коммандалық бірліктерін көрсетуі керек. Керуен жарысы мен командалық рух кубогының қорытындысы жинаған бонустар мен айыппұлдар сомасы бойынша анықталады» деп көрсетілген.
Алматы облысының жабайы табиғатына арбамен саяхаттау
Облыстық әкімдік жанындағы жобалық кеңсенің мәліметінше, жарыс барысында командалар лагерлерді өз бетінше орнатып, онда нағыз көшпенділердің тұрмысын ұйымдастырады. Қатысушылар өздерімен бірге алып жүрген шатырларда түнеп, көшпелі гастрономия тағамдарын дайындайды. Өз елдерінің дәстүрлі костюмдерінде спорттық жарыстар мен фольклорлық конкурстарға қатысады.
«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда жастарға арналған жаңа ұлттық спорттық, туристік және мәдени хобби құру. Ұлы Жібек жолының керуен стиліндегі қазақтардың ежелгі көшпелі технологияларын пайдалана отырып, Алматы облысының жабайы табиғатына саяхат жасау. Сонымен қатар, студент жастарды көшпенді өркениеттің зияткерлік және рухани мұрасын зерттеу және сақтау процесіне тарту, қазіргі жастардың интеллектуалды, моральдық-ерік, көшбасшылық және командалық қасиеттерін көрсету мен Жібек жолы елдерінің студенттері арасындағы мәдени алмасу» - дейді ұйымдаструшылар.
Экологиялық және этнографиялық туризмді, Алматы облысының табиғи және мәдени ресурстарын насихаттау, шалғайдағы ауылдық аумақтардың жастары үшін туризм саласында жұмыс орындарын құру сияқты амбициялық мақсаты бар шара баспасөзде немесе әлеуметтік желілерде көп насихатталған жоқ. Тек Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев Фейсбуктегі парақшасында Рустам Али деген атпен жарыстың барысы туралы ақпараттар жүктеп отырды. Кеше түні ол атарба бәсекесінің басталғанын хабарлап, атқа жегілген арбалардың видеосын салды.
«Бисмилля деп, ертең Халықаралық студенттер арасында "Жетісу арба бәйгесін" бастаймыз! Елбасы "Рухани жаңғыру" мақаласы аясында ұйымдастырылған "Ұлы жібек жолы" маршрутымен Үндістан, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары бір апта бойы жарысады!», - деп жазды Р. Алпысбаев.
Иен далада арбамен жарысқандар үшін 28 миллион теңге
Басқарма басшысы JETISÝ ARBA BÁIGESI тіпті «Париж-Дакар» ралли жарысына балама болатын ерекше сайыс деп жазды. Әкімдіктің келесі жылы әлемдік беделді Гарвард, Кембридж, Оксфорд университеттерінен студенттер шақыру жоспары бар.
Рустам Алпысбаев, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы
«Қаражат облыстық бюджеттен қарастырылған. Қазіргі таңда біз авторлық құқық бердік. Соған бастапқыда 2 млн. теңге бөлдік. Әзірге тек толықтай ақшасы бөлінбеді. Себебі мұнда шара өткен соң, бәрін есептеп, сосын береміз. Бастапқы сметасы бойынша 28 млн. теңге қарастырылған. Атқарылған жұмысқа қарай төлейміз»- деді облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі.
Атарбамен бәйге шабу деген болмаған
Белгілі этнограф Досымбек Қатыранұлы арбамен бәйге деген біздің дәстүрімізде болмағанын айтады. Жалпы туристерге таңсық емес дүниелерді басқа халықтардан көшіріп алып көрсеткеннен гөрі өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді насихаттайтын бастамалар қажет. Этнотуризмді көрсету үшін иен далада арбаға ат жегіп жарыс ұйымдастыру бір реттік дүние, бұл қаражат игерудің бір амалы болар, - дейді ғалым.
«Мен атарбаның жарысын ұйымдастырды дегенді еш деректерден кездестірген емеспін. Жарыс емес, соғыс жағдайында қос дөңгелекті арбаға мінген скиф-сақ жауынгерлері болған. Арбалы сақ жауынгерлері деген деректер кездеседі. Скифтер қара теңіз, еуропа жақ десек, сақтардан римдіктерге барған көшпенділер мәдениетін жоққа шығармаймыз. Ал шабысты жорғаларды шағын қос дөңгелекті арбаларға жегіп, жарысу еуропалықтарда кездеседі. Ал біздің көшпенділерде ол болмаған, сондықтан бірінші рет естіп тұрмын», - дейді зерттеуші.
Осы жазда Алматы облысы әкімдігі ішкі туризмді дамыту үшін вайнерлерге 23 млн теңге жұмсап жатыр деп сынға қалған болатын. Қоғамның қарсылығына қарамастан 12 вайнер қатысқан шара тамыз айында өткізілді. Әлеуметтік желілерде жазылушысы көп вайнерлер Көлсай, Қайыңды көлдері, Алтын-Емел, Шарын шатқалы сияқты көрікті жерлерді аралап, Vine Fest Zhetysu блог-турына қатысқан еді. Олар әлеуметтік желі арқылы 10 млн. адамға өз ақпараттарын таратуға міндетті болған. Кейін Алматы облысының әкімдігі бұл шараға 17 млн. теңге жұмсағанын растады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы