Бюджетке қатысу жобасына тапсырыстар қабылдау мерзімі ұзарды
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қабылдау мерзімі ұзарды
Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына тапсырыс беру талаптары өзгерді. Алматы қаласын дамыту орталығы Қоғамдық кеңестің сынынан соң әлеуметтік маңызы бар жобаларды қабылдау мерзімін ұзартуға мәжбүр болған. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатын өткізген жоба жетекшілері мәлімдеді,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алғашқыда тұрғындар тарапынан ұсыныстар қабылдау 19 тамыздан 1 қыркүйекке дейін деп белгілінген. Енді тапсырыстар 30 қыркүйекке дейін қабылданатын болады. Сосын әр ауданның жанынан құрылған сараптау комиссиялары түскен жұмыстарды 19 қазан мен 29 қазан аралығында сұрыптайды. Ал тұрғындар тарапынан дауыс беру процедуралары электрондық және қағазбен жазбаша түрде жүргізіледі.
Бүгінге дейін қала тұрғындарынан 180 өтініш келіп түскен. Олардың арасында Алмалы ауданында - 56, Медеу ауданында - 37, Бостандық ауданында - 34 әлеуметтік жобаға қаржы бөлуді сұраған.
Оқи отырыңыз: Шикілігі көп жоба. Алматыда «бюджетке қатысу» бастамасы аяқсыз қалуы мүмкін бе?!
Осы айдың басында Алматыда Қоғамдық кеңес мүшелері «Бюджетке қатысу» бастамасын сынға алған болатын. Онда сарапшылар дайындықтың нашар екенін, халық арасында ақпаратандыру жұмысының әлсіздігі мен тапсырыстар қабылдауда электрондық жүйенің жетілмегендігін ескертіп, Алматы қаласын дамыту орталығына қосымша уақыт берді.
Жобаның мақсаты - Алматыдағы 8 ауданның әрқайсысына 500 млн. теңгеден бөліп беру. Бірақ оны шенеуніктер емес, қарапайым тұрғындардың өзі жұмсауы тиіс. Ол үшін халық өздері тұратын ауданды көріктендіруге қатысты идеялар ұсынуы керек. Жұмысты үйлестіру «Алматы қаласын дамыту орталығына» жүктелген. Мекеме тұрғындар тарапынан келіп түскен жобаларды электрондық жүйемен қабылдап, арнайы комиссияның қарауына жолдап отыруы керек еді.
Әлемдік тәжірибеде партисипативті бюджетті енгізу ең алғаш 1988 жылы Бразилиядағы Порт-Алегри қаласында басталған. Қарапайым азаматтар қала бюджетін өздері игеріп, ең қажетті салаларға бөлуге атсалысатын механизм ойлап табылады. Осы идея қаланың инфрақұрылымын, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй саласын дамытуға ықпал еткен. Жобаны кейін Париж, Лондон, Сеул сәтті жүзеге асырды. Посткеңестік елдерде Мәскеу, Киев, Ош пен Нұр-Сұлтан қалаларында аздап қолданысқа енгізілген.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы.