$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.03.2021, 15:48
Жаңалықтар

Азиада, Универсиада және Әлем чемпионаты: Қазақстанда өткен ірі додалар

1991 жылдан бері Қазақстанның 1996 спортшысы Әлем чемпиотында жүлдегер болды

Азиада, Универсиада және Әлем чемпионаты: Қазақстанда өткен ірі додалар
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанына 30 жыл толады. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі еліміздің тәуелсіздік жылдарында спорт саласында жеткен жетістіктеріне шолу жасап, Олимпиада ойындарында, Әлем чемпионаттарында атой салған, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды тізіп шыққан еді.

Бұл жолы Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қандай ірі додалар өткізгеніне тоқталмақпыз. Әрине, Қазақстан әлі күнге дейін өз жерінде Олимпиада ойындарын (жазғы, қысқы), футболдан Әлем чемпионаты сынды айтулы додалар өткізген жоқ. Алайда, 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге талпынып көрді.

АЗИАДА ҺӘМ УНИВЕРСИАДА

Себебі, 2011 жылы қысқы Азиада, 2017 жылы қысқы Унивесиада өткізген Алматы қаласы Олимпиада ұйымдастыруға бір қадам жақындады. Алматы мен Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы )қалаларында жаңа спорттық нысандар салынып, бұрыннан бар кешендер күрделі жөндеуден өтті.

2011 жылы қос қалада өткен Азиада ойындарында 27 елден 1000-нан астам спортшы қатысты. Олар спорттың 11 түрінен 69 медаль жиынтығын сарапқа салды. Сол додада Қазақстан құрамасының спортшылары 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль еншілеп, командалық рейтингте алғашқы орынды иеленді.

2011 жыл, Азиаданың ашылу салтанаты

Қазақстандық спортшылар бағдарламаға енген 11 спорт түрінің 10-нан (шаңғыда спорттық бағдарлау, шаңғы жарысы, биатлон, фристайл, тау шаңғысы, шайбалы хоккей, шаңғымен тақтай серіппеден секіру, конькимен мәнерлеп сырғанау, коньки спорты, допты хоккей) алтын медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ, 2017 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Алматыда қысқы Универсиада өтті. 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға әлемнің 57 елдерінен 2000-нан астам спортшылар қатысқан.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, жарыс 12 спорт түрінен (биатлон, тау шаңғы спорты, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы,шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайболы хоккей, шорт-трек) 8 спорт нысанында («Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» халықаралық кешені, Б. Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадионы, «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені, «Алматы арена» және «Халық арена») өтті. Бағдарламаға енген барлық спорт түрі бойынша өнер көрсеткен Қазақстан студенттерінен құралған 171 спортшы 57 елдің арасында 36 медаль (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.

2017 жыл, Универсиаданың ашылу салтанаты

Қазақстандық спортшылар универсиадада елдің мерейін көтеріп, қазақстан қоржынын тағы екі алтынмен толықтырды. 

Универсиада чемпионы атанған шаңғышы Иван Люфт, аралас командалық спринттен шаңғышылар Анна Шевченко мен Олжас Климин, фристайлды дуэт – Баглан Инкарбек пен Жанбота Алдабергенова, биатлоншылар Галина Вишневская, Алина Райкова, мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен болды, сондай-ақ, фристайл могулден Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд нәтижемізді екі есеге өсіріп, Қазақстан қоржынын тағы екі алтынмен толықты.

2011 және 2017 жылдары өткен ірі додалар үшін әлемдік стандарттарға толық сай келетін бірнеге спорт кешені бой көтерді: «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Алатау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері.

Сондай-ақ Алматыда Унивесиада барысында тұңғыш рет Олимпиада ауылына ұқсас 5000 орындық атлет ауылы салынды.

ҚАЗАҚСТАНДА ӨТКЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫ

Қазақстанда түрлі халықаралық турнирлер, жарыстар өткізіліп келеді. Алайда, бүгін біз ең мәртебелі деген жарыстарға тоқталып отырмыз. 2013 жылдан бастап Қазақстан олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарын өткізуді қолға алды. Жарыстардың бәрі Қазақстаның екі мегаполисінде өтті:

  • 2013 жылы Алматы қаласында бокстан әлем чемпионаты (4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль);
  • 2014 жылы Алматы қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты (3 алтын, 2 күміс медаль);
  • 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында дзюдодан әлем чемпионаты (1 алтын, 1 күміс медаль);
  • 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында әйелдер боксынан әлем чемпионаты (4 алтын, 2 қола медаль);
  • 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим, әйелдер және еркін күрестен әлем чемпионаты (3 күміс, 4 қола медаль);
  • 2021 жылы Алматы қаласында фристайлдан (могул, акробатика) әлем чемпионаты (1 күміс, 2 қола медаль).

2015 жыл, дзюдодан өткен Әлем чемпионаты

Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша 1991 жылдан бері Қазақстанның 1996 спортшысы Әлем чемпиотында жүлдегер болды; 643 спортшы 1 орынға ие болса, 616 спортшы екінші орынды, 737 үшінші орынды иеленді.

Ұлттық ойын түрлерінен Қазақстан 2006 жылдан бастап басқа елдерде өткізілген Азия чемпионаттарына қатысып (Ор, Пардубице (Чехия), Минск (Белорусия), Орынбор (РФ), ҚХР, Анталия (Түркия) елдерінде және Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау қалаларында) қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, көкпар, жамбы ату ойын түрлері бойынша, 132 медальге ие болды.

2014 жылы Алматы қаласында паралимпиадалық спорт түрлері бойынша пара пауэрлифтингтен Ашық Азия чемпионаты өтті. Жарысқа 25 елден 200 ден астам спортшы қатысты.

Ал, пандемияға дейін елімізде олимпиадалық спорт түрлерінен 6 халықаралық жарыс өткізілген. 2020 жылы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама мүшелері шет елдерде өткен халықаралық 170 жарысқа қатысып, 217 медаль иеленді.

Пандемияға байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2019 жылы «2020 жылға арналған ҚР аумағында халықаралық және республикалық жарыстарды бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында 2020 жылы өтуге жоспарланған халықаралық спорттық жарыстарды өткізуден бас тартылды. Бірақ, падемияға дейін 2020 жылы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама команда мүшелері шет елдерде өткен халықаралық 170 жарысқа қатысып, 217 медаль (қысқы спорт түрлерінен 31 (11 алтын, 11 күміс, 9 қола), жазғы спорт түрлерінен 105 (18 алтын, 35 күміс, 52 қола) медал жеңіп алды.

Сондай-ақ өткен жылы елімізде 8 чемпионат, халықаралық дәрежедегі 8 жарыс өткізіліп, қазақстандық спортшылар 49 медаль иеленді (оның ішінде 24 алтын, 12 күміс және 13 қола).

Әзірлеген: Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары