Нұр-Сұлтанда бір тәулікте 100 мың текше метрден астам қар шығарылды
Бір күн бұрын елордада жауған қар мөлшері айлық нормадан асып кетті
Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпте екі ауысымда жұмыс істеуде. Бүгін елордада қар күреу жұмыстарына екі мыңға жуық жол жұмысшы шықты, 1 500-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бір күн бұрын елордада жауған қар мөлшері айлық нормадан асып кетті.
Нұр-Сұлтан қаласында қар күреу жұмыстарын жүргізу кешкі және түнгі уақытта, екі ауысымда қарқынды жүргізіледі.
24 наурыздан 25-іне қараған түні қаладан 54 мың текше метрден астам, тәулігіне 111 мың текше метрден аса қар шығарылды. Қарды күреуге 1200-ден астам арнайы техника мен 200-ден астам жол жұмысшы шықты.
Бүгін Нұр-Сұлтанда қар күреу жұмыстарына 2000-ға жуық жол жұмысшы мен 1500-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және т.б. аумақтардың қары күреледі.
Жиналған қар елордадағы 11 полигонға шығарылады. Полигондарда бақылау үшін фото және бейнекамералар орнатылған.
Қысқы кезеңнің басынан бері қаладан 4 600 000 текше метрден астам қар шығарылды.