«Ауруханаға көлік кіргізе алмаймыз». Алматыдағы көпсалалы аурухана әкімшілігі келушілер наразылығына жауап берді
Аурухана басшылығы мекеме ауласына көліктердің кіруіне салынған тыйым қаланың «қызыл аймаққа» өтуімен байланысты деп отыр
Алматыдағы көпсалалы клиникалық аурухана аумағына кіре алмаған жүргізушілер мен науқастардың туыстары өз наразылықтарын айтты. Қаланың Медеу ауданы аумағында орналасқан медициналық мекеме бір жарым миллионнан астам халқы бар Алматы облысының оңтүстік өңірінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аурухана әкімшілігі биыл 1 наурыздан бастап мекеменің ауласына жеке көліктердің кіріп-шығуына тыйым салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алайда мұндай шешімге емделушілер мен олардың туыстары қарсылық танытып, кейбіреулері бұл туралы әлеуметтік желіде жазды. Клиниканың аумағында 200 автокөлікке арналған автотұрақ бар. Тиісінше аумаққа кіріп-шығу негізгі қақпадағы автоматты тоспа (шлагбаум-авт.) арқылы реттеледі. Енді бұл жердегі күзет қызметі көліктердің кіруіне шектеу қойған. Бұл ауруханаға кіріп шығатын көшенің тарлығына байланысты көлік кептелісін туындатып, тіпті жедел жәрдем қызметінің де қозғалуына кедергі келтіріп отыр.
«Жаңа келе жатсам Думандағы аурухананың алды пробка. У-шу. Күнде қырғын. Көліктерді ішке кіргізбейтін болыпты. Өзі тар көше, соңғы 3 күн болды тап сол жерде аз дегенде 30 минут тұрасың. Айналып өтейін десем, балаларымның балабақшасына барар жол сонда. Сол көшелердің жыры таусылмай қойды. Соңғы 3 жылдан бері балшық, күнде қазып жатады. Енді мына пробка.
Күзетшісінен бұл не десем, «өзіміз де шаршап кеттік. Өткенде журналистер кеп түсірген. Бірақ шешілмей тұр» деп қояды. Ішінде үлкен автотұрақ бар. Көше пробка болатынын, ел қиналатынын біледі. Неге бәріне ыңғайлы қылып шешпейді?
Осындай өзіне қолайлы, елге қолайсыздық барлық жерде бар. Оның бәріне барып, жөн айта бермейсің ғой. Көріп шаршайсың», - деп жазды Facebook белсендісі Ербол Азанбек.
Алматы облыстық көпсалалық клиникалық аурухананың әкімшілігі бұл жағдайға байланысты Azattyq Rýhy тілшісіне жауап берді. Аурухана бас директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Майра Әлімбетова клиника маңындағы дүрбелеңнің эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін айтады. Алматы қаласы қазір «қызыл аймақта», ал инфекциялық аурулардың саны күн санап өсіп жатыр. Сондықтан қаланың бас санитар дәрігерінің нұқсауына сәйкес, көліктердің кіріп-шығуын реттеуді қолға алдық, деді дәрігер.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы Алматы облысының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бірақ біздің мекеме Алматы қаласының аумағында орналасқандықтан қалаға қатысты шыққан бұйрықтарға бағынамыз. Өздеріңіз білесіздер, биыл 5 наурызда Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес эпидемиологиялық ақуалдың нашарлауына байланысты бізің аурухананың әкімшілігі де кейбір шараларды күшейтті. Инфекцияның таралуының алдын алу үшін ішкі бұйрықтарға сәйкес сырттан келетін көлік түрлерін аурухана аумағына кіргізбеуге шешім қабылданды. Шектеу жедел жәрдем қызметі көліктеріне, аурухананың қызметкерлеріне қатысты емес. Одан тыс ауыр науқасты жеке көлікпен алып келген жағдай болса, оның көлігі ішке кіргізіледі, сосын дереу қайтадан сыртқа шығып кетуі тиіс. Ал науқастың жағдайын сұрауға келген өзге де мақсатпен келген азаматтардың көлікпен кіруіне тиым салып отырмыз»,- деді Майра Әлімбетова.
Фотода Майра Әлімбетова
Бұл жағдай әрине көпшілікке ұнамай жатыр, себебі аурухана аумағынан тыс жерлердегі көшелер өте тар, бұл қаланың басқа да органдары (әкімдік, полиция-авт.) реттеуі тиіс мәселе, аурухананың оған құзыры жүрмейді, деді Майра Әлімбетова. Оның айтуынша, Алматы қаласының коммуналдық қызметі қыстың алдында клиникаға келетін жалғыз жолды қазып тастаған. Ал мұндағы жол қозғалысын жол полициясы реттеуі керек дегенді айтты.
«Естеріңізде болса, былтыр жазда осындай эпидемия тараған кезде Алматының орталығындағы үлкен мекеме - №12 клиникалық ауруханада медицина қызметкерлері жаппай ауырып, коронавирус жұқтырған болатын. Індеттен қаншама дәрігерлер аурып шықты. Біз осындай жағдай қайталанбас үшін мүжбүрлі түрде тиісті шаралар қолданып отырмыз. Қала қызыл аймаққа кірген соң, барлық жерге ортақ ережелер бар. Сондықтан келген кісілер түсінеді деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, жағдай ушығып, аурулар саны артып жатыр. Біздің аурухана 350 төсекке арналған, оның ішінде қазір 30 орындық инфекциялық ауруларға арналған бөлімше де толық. Одан тыс перзентхана бар»,- деді Майра Әлімбетова .
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны 60 жыл бұрын ашылған Қазіргі таңда клиникада 128 дәрігер бар, олардың 45-і жоғары дәрежелі, 15-і бірінші категориялы, 4-і екінші категориялы дәрігерлер. Орта медицина қызметкерлер саны 292 адам. Алматы облысының Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Іле аудандарынан келетін ауыр науқастар осы жерден ем қабылдайды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы