Кіші Арал алдағы 5-7 жылда тартылып қалуы мүмкін - Мұрат Бақтиярұлы
Сенатор Кіші Аралды құтқару үшін заңнамалық өзгеріс қажеттігін айтты
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Арал теңізінің солтүстігіндегі Кіші Арал бассейнінде су деңгейінің төмендеуіне алаңдап, тиісті заңдардың қазіргі талаптарға жауап бере алмайтынын айтты.
Оның айтуынша, қазір Кіші Аралдағы су көлемі 22 млрд текше метрді құрайды. Яғни, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 5 млрд текше метрге азайған. Кіші Аралға құятын Сырдария өзенінің суын пайдаланудың қазіргі қарқыны сақталатын болса, алдағы 5-7 жылда теңіздің солтүстігі құрғаққа айналып, экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.
Сенатор теңізді сақтап қалу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Соның аясында су дипломатиясын белсенді жүргізу, су тұтыну көлемін азайту және тиісті заңдарға өзгертулер енгізудің берері мол екеніне тоқталды.
«Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған Еліміздегі су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға деген қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуға тиіс», – деді Мұрат Бақтиярұлы.