Алматыда қар толастамай жауып жатыр
Синоптиктер мегаполисте тағы екі күн қалың қар жауады деп болжап отыр
Алматыда қардың жаууы тағы екі күнге жалғасады. Қалада толассыз қардың түсуі екі күн бұрын басталған. «Қазгидромет» РМК болжамынша, қардың жаууы 17 наурызға дейін толастамайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Көктайғақтың алдын алу үшін қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстар мен жолайрықтардың кіреберістеріне, тау бөктері мен таулы аймақтарға көктайғаққа қарсы 3920 тонна материал себіліп, қар тазаланды. Бірақ соған қарамастан көшеде көлік кептелісі көп. Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, жер үсті өткелдерін және ортақ пайдаланылатын жерлерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Таңертеңгі қар тазалауға 564 арнайы техника мен 1140 жұмысшы жұмылдырылды. Қала көшелеріне 5-6 см, таулы аймақтарда 20 см-ге дейін қар жауды. Қазгидрометтің болжамы бойынша, 17 наурызға дейін ауық-ауық жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтілуде. Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылған»,-деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.