Жамбылдық дәрігерлер алғаш рет 3-сатыдағы онконауқастарға ота жасай бастады
Өңештің қатерлі ісігі асқынған науқасқа ота жасалған соң жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды
Жамбыл облысының дәрігерлері алғаш рет 3-сатыдағы онконауқастарға ота жасай бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық бөліміне өңештің қатерлі ісігі асқынған, Шу ауданының 52 жастағы тұрғыны келіп түскен. Бойы мен салмағы қалыпты нормаға сәйкес келмейтін науқастың жағдайы алғашында өте нашар болған еді.
Шұғыл түрде қабылданған шешімнен соң науқасқа білікті де білімді, тәжірибелі дәрігер Жандос Сейдахметовтың басшылығымен ота жасалды. Ота барысында өңешке тотальды резекциясымен қоректік түтікше орнатылып, өңеш бойындағы өскіндер алынып тасталды. Сондай-ақ, асқазанды жұмылдыру ем-шаралы жүргізілген. Алғашқы отадан соң-ақ науқастың жағдайы жақсарып, арнайы түтікше арқылы тамақтана бастаған.
«Науқасқа бірнеше мәрте операция жасау қажет. Келесі жолы біз тоқішектің кесіндісінен өңеш арқылы қоректік заттардың өткізгіштігін қалпына келтірмекпіз. Яғни, табиғи жолмен тамақтануын жолға қоямыз», - дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Ж. Сейдахметов.
Бүгінде 52 жастағы азаматтың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Операция сәтті өткендіктен, химиялық терапия қабылдау қажет емес.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық құрылымының дәрігерлерімен алғаш рет 3-сатыдағы онконауқастарға жасалынған екі ота да сәтті өткен.