$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.03.2021, 01:57
Жаңалықтар

СҚО-да 79 ауылды су басып қалуы мүмкін

Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 90 сантиметрден асады

 

Биылғы қыс Солтүстік Қазақстан жұртына оңай соқпады. Көктем келсе де, ақтүтек боран басылар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қалың түскен қар күрт ерісе, су тасқыны болуы ықтимал. Синоптиктер мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осылай деп дабыл қағып отыр. Өңірде 79 ауыл қазір қатаң бақылауға алынды.

«Қазгидромет» мекемесінің мамандары әр он күн сайын Есіл өзеніне келіп мұздың қалыңдығын өлшеп, ағыстың жылдамдығын анықтайды. Бұл шарулар күн жылынып, мұздың көбесі сөгілгенше жүргізіледі. Нәтижесінде, тасқынға байланысты нақты болжам жасалады.

Петропавл маңындағы елдімекендерге түскен қар биіктігі бір метрге дейін жетеді. Оның соншалықты қалыңдауына қатты аяз себеп болған.

Жердің беті облыс бойынша бір жарым метрге дейін қатқан. Ал Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 90 сантиметрден асады. Оның үстіне, соңғы аптада түскен қар қалың. Сондықтан қар бірден еритін болса, тасқын қауіп төндірмек.

Қазір облыста 19 гидрологиялық бекет бар. Оның біреуі Тораңғұл көлінде болса, қалғандары Есіл өзінінің бойында орналасқан.

«Бүгінгі күні «Сергеев» су қоймасына жиналған судың мөлшері қалыпты деңгейден 50-60%-ке көп. Өзен-көлдерден бөлек, мамандар алқаптардағы қардың тығыздығын өлшеп жатыр. Енді барлығы көктемге байланысты болады. Егер күн күрт жылыса, жағдай қиындауы мүмкін», - деді «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы Дәурен Қошығұлов.

Тасқынға тосқын шараларын күшейту үшін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірде 79 елдімекенді бақылауға алды. Бұл ауылдарда алты мыңға жуық адам тұрады.

«Өңірде 484 адамнан арнайы жасақ құралды. Бұдан бөлек, 150-ден астам техника жасақталды. Бұл топтар ертең су басқан ауылдарға жіберіледі. Жалпы жағдай Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Қызылжар аудандарында қиын», - деді облыстық ТЖД бас маманы Иван Онищенко.

Құтқарушылар сәтін салса, 1-2 күнде өңірдегі өзен көлдерде мұз жару жұмыстарын бастайды. Себебі, қамданған қапы қалмайды.

Серіктес жаңалықтары