Түркістан облысында мереке қарсаңында үшем дүниеге келді
Жаңа туған сәбилерге Жания, Рабия, Сания есімдері берілді

Түркістан облысының дәрігерлері мерзімінен бұрын дүниеге келген үшемнің өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны Лаура Тұрарбекова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында үш қыз босанды. Шала туған нәрестелер қазіргі таңда №1 облыстық перинаталдық орталығындағы дәрігерлердің бақылауына алынған.
«Сәбилерімді аман-есен дүниеге әкелгеніме қуаныштымын. Үйде тағы екі ұл мен екі қызым асыға күтуде. Мереке қарсаңында босандым. Осы орайда, әйелдер қауымын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Дәрігерлерге мың алғыс!», - дейді көпбалалы ана.
Жаңа туған сәбилерге Жания, Рабия, Сания есімдері берілді.
Айта кетерлігі, шала туған нәрестелер дәрігерлердің арқасында аман қалды. Жеті жарым айлық болып өмірге келген шақалақтардың өкпесі дұрыс дамымай, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің арқасында шала туған нәрестелер аман қалып, аналары оларды бауырына баса алды.
Еске салсақ, жыл басынан бері Түркістанда 1571 бала дүние есігін ашқан. Олардың 38-і егіз болса, екеуі – үшем.