Шымкенттік кәсіпкерлерге 52,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Мониторингтік топтар жыл басынан бері 251 рейдтік тексеру жүргізіп, түрлі заңбұзушылықты анықтаған
Шымкент қаласында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 251 рейдтік тексеру жүргізіп, 6 675 объекті мониторингпен қамтыды. Оның ішінде: 4 075 қоғамдық тамақтану орны, 2 097 коммуналдық нысан, 294 өнеркәсіп нысан, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған 209 нысан тексерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеу режимінің сақталмауы, топтық іс-шаралардың өткізілуі, бетперде кию режимінің сақталмауы, рұқсат етілген келушілер санының сақталмауы жиі кездесуде. Мониторинг топ анықтаған заңбұзушылықтар бойынша 886 жауапты тұлғаға хаттама толтырылып, 52,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінде.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларында көрсетілген талаптардың орындалуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.