ШұғылЖыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 310 адам зардап шеккен

Тараздық 135 отбасыға пәтер кілті табысталды

Баспаналы болғандардың арасында жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлері бар

Жамбыл облысында бүгін 135 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жыл сайын елімізде жүздеген жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілуде. Сол секілді 8 наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар тараздық отбасы да қоныс тойын тойлау мүмкіндігіне ие болды. «Бином» ЖШС салған 135 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйден баспаналы болғандардың арасында 27 жетім бала, 66 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы және 42 бюджеттік ұйым қызметкері бар. Айталық, солардың қатарындағы Амина Якубжанова - мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Ол пәтер кезегінің келуін бірнеше жыл бойы асыға күткенін, мереке қарсаңында арманы орындалып, күтпеген тосынсыйға ие болғанын айтады.

«Менің екі балам бар. Бүгін бізге екі бөлмелі пәтердің кілті табысталып, қуанышты сезімді бастан кешіп отырмыз. Бұл мереке осындай жағымды әсерімен біздің жадымызда ұзақ сақталатынына сенемін», - деп ол өз қуанышын бөлісті.

Толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрып, үйлі болған Назира Әбдірайымова да ағынан жарылды.

«Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен барлық аналар атынан облыс басшылығына деген ризашылығымды жеткізгім келеді. Кез келген адам жеке баспанасына қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінеді және соны армандайды. Мен әр отбасыға осындай бақытты сезінуін тілеймін», - деді ол.

Қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев табыстады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын облыстың жүздеген тұрғындары жаңа пәтерге ие болуда. Өткен жылы Тараз қаласының тұрғындарына екі мыңға жуық пәтер берілді. Биыл біз бұл көрсеткішті арттырып, сол арқылы кезекті қысқарта түсуді жоспарлар отырмыз. Осы 15-ші шағынауданыныңдағы оң өзгерістерге өздеріңіз куәсіздер. Жақында мұнда тағы екі мектеп, балабақша, фельдшерлік пункт, полиция бөлімшелері ашылатын болады. 8 наурыз мерекесімен мен облыс басшылығы атынан барлық аналар мен аруларды құттықтаймын. Ана – отбасының жүрегі. Сондықтан біз оларды жан-жақты қолдап, жас ұрпақты соған үйретуіміз керек», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 30 мыңнан астам адам тұр. Өткен жылдың қорытындысымен 250 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.