Биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 86 млн тоннаға ұлғайтылады – Нұрлан Ноғаев
Өткен жылы мұнай экспорты 68,5 млн тоннаны құрады
2021 жылдың соңына дейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 86 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2021 жылдың қаңтар айында қолданылған шектеулерді (ОПЕК+) ескере отырып, ең пессимистік сценарий бойынша, 2021 жылға арналған болжамды өндіру көлемі 83,4 млн тонна болып белгіленді. Бұл ретте әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келу үрдісі байқалуда. 86 млн тонна жоспарды орындау күтілуде», - деді Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Нұрлан Ноғаев.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны, мұнай экспорты 68,5 млн тоннаны құрады.
Алқа отырысында министр 2020 жылы өндіру саласы COVID-19 пандемиясынан көп зардап шеккенін атап өтті. Бұл фактор мұнай бағасына да әсер етіп, ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндірісін шектеуге, уран өндірісін төмендетуге және тағы басқа кері салдарға әкеп соқты.
2020 жылғы мамыр айында Қазақстан Үкіметі «Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы» қаулы жобасын қабылдады. Мұнай өндірісін шектеу шаралары ОПЕК+ келісімі бойынша Қазақстанның міндеттемелеріне және мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігінің бұзылуына байланысты қабылданды.
«Үкімет және ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер қабылдаған мұнай өндіру көлемін қысқарту шеңберіндегі шаралардың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша, мұнай бағасы 1 баррель үшін $18-ден $50 долларға дейін өсті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қоймаларындағы мұнайдың коммерциялық қорлары 3214 млн баррельден 3077 млн баррельге дейін төмендеді», - деп хабарлады министр.