Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы баспаналы болды
Бұл отбасының үйі 26 ақпан күні толығымен жанып кеткен еді

Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы баспаналы болды. 26 ақпан күні Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында көпбалалы отбасының үйінен өрт шығып, үй толығымен жанып кеткен еді. Өрт шыққан кезде отбасы үйде болған, қолына ілінген заттарын алып, жеңіл киіммен қашып шығып, аман қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Отбасыда 6 бала бар. Тұңғыш балаларының жасы 14-те болса, кішісі 7 айлық. Тілсіз жаудан зардап шеккен жанұя атаулы әлеуметтік көмек алады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өрттен кейін отбасыға жергілікті әкімшілік пен ауыл тұрғындары, демеушілер және мешіт имамдары тарапынан көмек көрсетілген.Олар уақытша баспана тауып берген еді. Бүгін жаңа тағайындалған аудан әкімі Қайдар Әбдіханов облыс басшысы Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен отбасына үйдің кілтін табыстады. Зәулім үй демеушілердің көмегімен сатып алынған.
«Рахмет сіздерге, барша халқыма! Бағана Амандық Баталов мырза ұлымның қолынан ұстап, өз үйің болады деп, құттықтап жатыр. Ең бірінші сол Баталов ағамызға рахмет. Одан кейін ауыл әкіміне, демеушілерге, жаңа аудан әкіміне де алғысымыз шексіз. Осындай қиын жағдайда қасымыздан табылғандарыңызға рахмет. Мұндай жақсылық болады деп мүлдем ойламадық...», - деді алты баланың анасы Айгерім Талқанбаева.
Ақпанның 27-сі күні Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында да бір отбасы өрттен баспанасыз қалған еді. Өрт түнгі сағат үште электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Қанат Сламжанұлының 7 баласы бар. Анасы балаларын өрттен аман шығарып үлгергенмен, артынша газ баллон жарылып, каркас үй жиһаздарымен қоса түгел жанып кеткен. Тіптен құжаттары мен киім-кешектерін де алып үлгермеген. Ауыл тұрғындары, мектеп, балабақша ұжымы лезде қаржы жинап, зардап шеккен жанұяны қажетті заттармен қамтамасыз еткен. Көрші ауылдың тұрғындары, жекелеген азаматтар қол ұшын беріп, есік алдындағы аяқталмаған «времянканы» толық бітіріп те берген. Алайда мектеп директорының ұйымдастыруымен (аты-жөнін құпия ұстауды өтінген) ауыл ортасынан көпбалалы үйсіз қалған отбасының өз таңдаулары бойынша үй сатып алып берді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы