$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2019, 15:42
Жаңалықтар

Қош бол, патент: Саудагерлер үшін кассалық аппарат шығын көзі ме?

Бір айдан кейін барлық саудагер кассалық аппарат орнатуы тиіс

Қош бол, патент: Саудагерлер үшін кассалық аппарат шығын көзі ме?

Қазақстанда шағын сауданың келешегіне қауіп төніп тұр. Бүгін Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізген кәсіпкерлік ұйымдардың өкілдері ел Президенті мен Сенат төрағасының атына үндеу жолдады. Бастамашыл топ барлық кәсіпкерлердің қолданып отырған кассалық апараттарын жаңасына ауыстыру немесе оны қайтадан  сатып алу және POS-терминалдар орнатуды міндеттеу бизнеске жасалған қысым деп есептейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Қазір кәсіпкерлер патент тәртбімен жұмыс істейді. Соған байланысты табысынан салық төлейді. Ал жаңа жылдан бастап бұл жүйе өзгеріп, үш деңгейлі бақылау аппараттары іске қосылады. Алайда шағын кәсіп иелері бөлшек саудада патентті пайдалану мүмкіндігін уақытша болса да сақтап қалу керек деп есептейді.  Көптен бері көтеріліп жүрген оңтайландырылған салық тәртібін енгізу бұл салада табыс тауып, отбасын асырап отырған сегмент үшін ауыр тиеді.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, патентпен жұмыс жасайтын сауда кәсіпкерлері кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды сатып алып, жаңа тәртіп бойынша есеп жүргізу үшін арнайы оқытылған адамды жалдауы тиіс болады, себебі бұдан әрі олар патент негізіндегі салық тәртібін пайдалана алмайды. Ал есеп жүргізуді ұйымдастыру дағдылану мен білімді қажет етеді. Жұрттың бәріне жеңілдетілген декларация негізінде есеп жүргізу оңай емес», – дейді  «Учет» компаниялар тобының жетекшісі  Максим Барышев.

Патент жүйесінен  оңтайландырылған салық тәртібіне өту шағын кәсіпкерлер үшін  салықтық ауыртпашылықты 29 %-ға арттырады. Арнайы сауалнама жүргізген «Қазақстанның тікелей сауда-саттық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры  Анастасия Калашникова осылай дейді. Қазақстанда  саудаға 1 млн 385 мың адам тартылған. Бұл елдің жұмыспен қамтылған халқының 16%-ы. Олардың ауқымын инстаграм желісі арқылы торт сататын қыздардан бастап елдің сауда үйлеріндегі люкс бутиктерінің иелеріне дейінгі кәсіпкерлер құрап отыр.

«Кәсіпкерлер, әсіресе саудада жүрген бизнес өкілдері үшін барлығына бірдей жаңа кассалық аппараттар сатып алғызу мемлекетке салықтан табыс түсімдері үшін емес, жеке біреудің қалтасы үшін жасалып отырғандай әсер қалдырды. Олай деп айтуға негіз бар. Жыл сайын бизнес құрлымына кассалық аппараттар сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Біздің есептеуімізше, шағын саудада жүрген кәсіпкердің орташа жылдық табысы 8 млн теңге. Оны 12 айға шаққанда 700 мың теңгеден шығады. Оның ішінен ай сайынғы салықтық ауыртпалықтар мен өзге де мемлекеттік шығындарды есептегенде, ай сайынғы таза табысы 170 мың теңгеден аспайды. Біз мұндай сауалнаманы 2 мың шағын кәсіпкердің арасында жүргіздік»,- дейді А. Калашникова.

Тауар мен қызметтің ақысы қолма-қол ақшамен төленсе де, картамен төленсе де, енді кәсіпкер бақылау-кассалық аппаратын пайдалануы міндетті. Бұл өзгеріс ҚР Салық кодексінің 166 бабының талабына сай келесі жылы орындалуы шарт. 2020  жылдан кейін бақылау-кассалық аппаратын сатып алып, оны мемлекеттік кірістер органдарына тіркемеген кәсіпкерге 7-ден 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.  Бақылау-кассалық аппараттарының ішінде  құрылғы түріндегі кассалық аппараттар мен бағдарламалық яғни гаджеттерге бағдарлама мен қосымша жүктеу арқылы қолданылатын екі түрі болады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары