Алматыда әлеуметтік пәтерлердің бағасы өспейді
Биыл 8 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаладағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру барысы туралы онлайн-брифинг өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Брифинг барысында Алматы қаласының «Отбасы банк» АҚ филиалының директорының орынбасары Данагүл Түсіпова әлеуметтік қор пәтерлерінің бағасы өспейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, әлеуметтік баспана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында енгізілуде. Сәйкесінше, баспана бағасы осы бағдарламаның аясында тіркелген.
«Бағаның көтерілуі күтілмейді. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік баспана, сонымен бірге кредиттік баспана бағасы 240 мың теңгеге дейін»,- деп атап өтті ол.
«Шаңырақ» бағдарламасының шарттары: тиімді мөлшерлеме -жылдық 5%, бастапқы жарна- 10%, қарыз алудың максималды мерзімі- 20 жылға дейін, максималды қарыз сомасы - 18 млн теңгеге дейін. ЖАО кезегінде тұрғандардың барлық санатындағылардың қатысу құқығы бар.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының әкімдігі халықты қолжетімді және қолайлы баспанамен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Мысалы, 2020 жылы 2926 отбасы баспанамен қамтылды.
Биыл 8 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған, оның ішінде: ХӘОТ - 427, көпбалалы отбасылар - 452, Шаңырақ - 3578, кредиттік баспана - 1411, Алматы жастары - 1000, жұмыс істеуші жастарға жалдамалы баспана - 1050, Бақытты отбасы - 374.