СҚО-да боранның салдарынан 18 ауыл жарықсыз қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Аймақта боранның кесірінен 5 адам жоғалды

Солтүстік Қазақстан облысында кеше басталған боран басылар емес. Өңірдің кейбір аудандарында түскен қалың қардың мөлшері үш айлық нормаға жетті. Қатты желдің кесірінен 18 елдімекен жарықсыз қалды. Боранда жоғалған 5 адам тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚАР КӨЛЕМІ БІР ТӘУЛІКТЕ ҮШ АЙЛЫҚ НОРМАҒА ЖЕТТІ

Солтүстік Қазақстан облысының аумағына ақпанның 23-і келген оңтүстік циклон –  төтенше жағдай, полиция мен коммуналдық қызмет өкілдерін әуреге салды. Үш күннен бері бастауыш сынып оқушылары сабаққа барған жоқ. 

«Ақпанның 24-і күні облыста жауын-шашынның ірі көлемі тіркелді. Кейбір жерлерде тоқсандық нормаға сай қар жауды. Петропавл қаласында ақ ұлпаның бір айлық мөлшері түсті. Тимирязев, Жамбыл, Шоқан Уәлиханов атындағы аудандарда жауын-шашын көлемі тоқсандық нормаға жетті. Сонымен қатар, облыстың барлық аумағында дауыл болып тұр», - делінген «Казгидрометтің» облыстық филиалы таратқан хабарламада. 

Ауа райын болжаушы мекеменің мәліметінше, боран бүгін де саябырламайды. Бірінші ауысымда оқитын бастауыш сынып оқушыларына сабақ болған жоқ. Түске таман жоғары сынып шәкірттеріне де мектепке баруға тыйым салынды. Қаланың коммуналдық қызметтері қарды тазалап үлгере алмай жатыр.

«Кешеден бері соғып тұрған боран жауапты мекемелерді біраз әуреге салды. Түні бойы шаһар көшелерін 107 техника тазалады. Сонда да борандата соғып тұрған ақ ұлпаның легіне үлгере алмар емес. Қаланың коммуналдық қызметтері екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Оларға күрек ұстаған 200 адам көмектесуде. Жуаған қармен бірге көшелерде қалдырылған көліктер жұмысшыларға кедергі келтіреді. Тұрғындар осыны ескерсе екен», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕЙТІНДЕР КӨП

Өңірдің төтенше жағдай қызметі 22 ақпан күні дауылды ескерту жариялады. Алайда мамандар оны елемейтіндердің көп екенін айтады. Жергілікті, республикалық трассалардың жабылғанына қарамастан, айналма жолдармен шығатындар көп. Соның нәтисежінде көліктері батып, қар құрсауында қалып жатыр.  Сондықтан құтқарушылар өңір халқы сақтық шараларын бұзбауға шақырды.

«Халыққа SMS хабарлама, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы боран болатынын, жолдардың жабылғандығы туралы ақпаратты жеткіздік. Барлық трассалардағы қозғалыс шектелді.  Осыған қарамастан тәуекелге бел буып, жолға шығатындар көп. Өздерімен бірге балаларды алатындар да аз емес. Балараға суық тиіп, ыстығы көтеріліп кеткен жағдайлар да бар. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмегендіктен, сырқаттың жағдайы нашарлап кетуі ықтимал. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жедел штаб құрылды. Оның құрамына Төтенше жағдай, полиция департаменті мен «Қазавтожол» мекемесінің мамандары енді. Құтқару қызметінің телефонына 3600-дан астам қоңырау түсті», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Облыста боранды күні адасқан 5 адам тіркелді. Олардың барлығы далаға мал іздеп шыққан. Үшеуі Есіл ауданының тұрғыны. Олардың бірі 2007 жылы туған жасөспірім. Қалған екі жағдай Аққайың және Тайынша аудандарында тіркелген.

«17 жастағы жасөспірім жылқы іздеп күндізгі 11-де үйінен кеткен. Салт атпен. Үйге ұзақ оралмаған соң, әкесі полиция қызметіне жүрінген. Бала табылып, үйіне қатйарылды. Жоғалған бес адамның үшеуі аман-есен табылып, үйлеріне жеткізілде. Қалған екеуін құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, барлығы 40 шақты адам іздестіріп жатыр», - дейді Қанғожин.

Сонымен қатар Жамбыл ауданында 9 жүк көлігі қар құрсауында қалған. Жүргізушілер жылыту бекеттеріне жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

«Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылына жақын маңда 47 көлік далада қалған. Жолаушылардың барлығы жылыту бекеттеріне жеткізілді. Аталған ауданның Қиялы ауылынан бес шақырым жерде 4 шағын автобус  қарға батты. Барлығы 50 жолаушы. Ұйытқыған боранның салдарынан қол созым жердегі көрінбей қалды.  Облыс бойынша далада қалған 145 адам құтқарылды, екеуі жас бала. Қазір өңір жолдарында 100 көлік пен 130-дан астам жеке құрам мамандары жұмыс істеп жатыр», - деді дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

18 ЕЛДІ МЕКЕН ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Дүлей боранның салдарынан тоғыз ауданда 4 мыңнан астам тұрғыны бар 18 елді мекен электр жарығынсыз қалған. Мамандардың айтыунша кешеден бері табиғаттың тосын мінезінен зақым келген электр желілері қалпына келтірілуде.

 «Бүгін таңғы 10 кезінде 3 елді мекенде электр желілері қалпына келтірілді. Ол - 700-ге жуық абонент. Жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыс көлему ауқымды болғандықтан, мамандар жетпей жатыр», - дейді Қанғожин. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО