Халық журналист Нұртілеу Иманғалиұлын ақтық сапарға шығарып салды
Марқұмның денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді
Алматы жұрты танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлын ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасуға елге белгілі азаматтар, әріптестері мен туыстары қатысты. Қаралы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның жақындарына жолдаған көңілайту жеделхаты оқылды.
«Көрерменнің көкірегінде Нұртілеу ұлттың темірқазығындай болып қалды. Көрерменнің алдында қалыптасып, мына қайғылы қасіретте соның бәрі буырқанып көрерменнің көкірегінен шығып жатыр. Сондықтан марқұмның жатқан жері жайлы болса екен, иманы жолдас болса екен. Қолдан келетіні тек дұға», - деді Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов.
17 ақпанда 70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.
Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.
Н.Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма бөрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.
«Саналы ғұмырының басым бөлігін қазақ тележурналистикасына арнаған қазақтың ардақты перзенті, біздің қадірлі, қастерлі, қадірменді досымыз Н.Иманғалиұлынан айырылып отырмыз. Бұл қазақ тележурналистикасы үшін үлкен қаза», – деді журналист Марат Тоқашбаев.